ОА мен ЕО және гендерлік теңсіздік
Брюссельде Орталық Азия елдері әйелдерінің Диалогына қатысушылар гендерлік теңсіздік мәселелерін талқылады.
Қазақстан парламентінің депутаттары Еуропа астанасына Еуроодақ пен БҰҰ арнайы өкілдерінің шақыруымен барды.
Қазақстанда гендерлік индекс 60%-ға қысқартылды. Яғни парламентте және жергілікті билік органдарда әйелдер мен жастарға 30%-дық квота енгізілді. Сондай ақ мемлекеттік корпорациялардағы басшы әйелдердің үлесі де ұлғайып отыр.
Бұл салада Қазақстан мен Еуроодақ елдерінің бір-бірінен үйренер тұстары көп. Сондықтан тараптар екі жақты кездесуде пікір алмасып, тәжірибемен бөлісті.
Дания Еспаева, ҚР Парламент мәжілісінің вице-спикері:
- Бүгінгі таңда Еуропа гендерлік теңдік мәселесінде көш ілгері тұр. Ал Қазақстан БҰҰ қабылдаған стратегиялық міндеттерді орындауға басымдық беріп келеді. Соның бірі – Біріккен ұлттар ұйымының «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» резолюциясы. Онда әйел азаматтардың тіпті бітімгершілік ұйымдардың жұмысына қатысу керектігі де жазылған. Бүгінде мұндай жасақтарда Қазақстаннан 6 әйел бар.
Бүгінде қазақстандық әйелдердің ел өміріндегі рөлін арттыруға үлкен көңіл бөлініп келеді. Мәселен, бір салада жұмыс істейтін ерлер мен әйелдердің жалақысы бірдей. Бала күтімі бойынша 1,5 жыл бойы жәрдемақы төленеді. Және оның мөлшері айлық жалақының 40 пайызынан кем болмауы тиіс. Сонымен қатар аналарға 3 жылға дейін декреттік демалыс беріледі. Еуроодақ елдерінде нәзік жандылар мұндай демалыста небәрі 3-4 айға ғана бола алады. Және әйел азаматтардың жалақысы ерлерге қарағанда төменірек.
Андрис Америкс, Еуропарламент депутаты:
- Мемлекеттік өзін-өзі басқару деңгейінде ерлер мен әйелдердің жалақысында айырмашылық жоқ. Бірақ жеке салада Еуроодақ елдеріндегі әйелдердің табысы шамамен 15 пайызға аз деген пікірталас жиі айтылады.
Әйелдердің денсаулығы мен өмірін қорғау ісінде Орталық Азия мен Еуропа елдеріне ортақ мәселелер бар. Мәселен, бір ғана Бельгияның өзінде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша полицияға 45 мыңнан астам арыз түседі. Бірақ зәбір көргендердің көбі ештеңе айтқысы келмейді.
Андрис Америкс, Еуропарламент депутаты:
- Заң шығарушы бір бөлек, ал оның қатаң сақталуы бір бөлек мәселе. Қарапайым тілмен айтқанда, кейде теория мен практика бір-біріне сәйкес келмей жатады.
Дания Еспаева, ҚР Парламент мәжілісінің вице-спикері:
- Қазіргі уақытта Қазақстан Парламенті әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын әзірлеуде. Кезінде мұндай жағдайларды қылмыс деп танымаған кездер болды. Бірақ уақыт өте бұл баптарды керісінше қатаңдату керегіне көзіміз жетті. Түнеугүні ғана орын алған оқиғалар тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейту қажеттігін көрсетті. Әкімшілік жазалардан бастап, қылмыстық жаза тағайындауға дейін баруымыз қажет.
Жиын барысында тараптар гендерлік теңдікті дамыту мен әйелдер құқығын қорғау ісінде тәжірибе алмасу мақсатында кездесулер өткізіп тұруға келісті.
Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов, «Хабар-24», Бельгия, Брюссель.