Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс депутаттары «Масс-медиа туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады.
Негізгі заң жобасы мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
Құжатта журналистердің мәртебесін көтеру, құқықтарын нығайту, сондай-ақ олардың міндеттерін кеңейту бойынша жағдай жасау қарастырылған. Ол үшін БАҚ материалдарына үш жылдық ескіру мерзімін белгілеу және мемлекеттік органдардың БАҚ-тың жазбаша өтініштерін қарауын 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылады.
Сонымен қатар жыл сайын журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуына талдау, олардың жағдайын бағалау және тиісті ұсынымдары бар Ұлттық баяндама дайындалатын болады.
2025 жылдан бастап мемлекеттік емес БАҚ республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшеді. Отандық телерадио хабарларын таратуды дамыту мақсатымен спутниктік телерадио хабарларын тарату операторлары шығындарының бір бөлігі субсидияланатын болады. Сонымен қатар журналистерді аккредиттеудің бірыңғай жүйесін енгізу мәселесі қарастырылады.