Қазақ-әзербайжан ынтымақтастығы артып келеді
Қазақстан мен Әзербайжан арасында жүк тасымалдау көлемі 98%-ға өсіп, 2256 тоннаға жетті.
Бұл соңғы 10 айдағы көрсеткіш.
Бауырлас елдердің көлік-логистикалық ынтымақтастығы дегенде ойымызға бірден Транскаспий халықаралық бағдары түседі.
Транзиттік және көлік-логистикалық ынтымақтастық Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың өсу драйверлерінің бірі. Сондықтан қос ел транзиттік және көлік әлеуетін құруға, жаңғыртуға, кеңейтуге, әртараптандыруға бар күш-жігерін салып отыр.
Әлім Байел, ҚР Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Әзербайжан тек өздері үшін ғана емес жалпы аймақ үшін үлкен маңызға ие жобаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесі бар. Басқаша айтқанда, орталық дәлізді дамыту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына соңғы Жолдауында Транскаспий бағытының транзиттік әлеуетін 5 есеге арттыруға болатынын атап, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркиямен күш біріктіру қажеттігіне назар аударды. Тарихы терең бұл жоба қос елдің басты басымдықтарының бірі және Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасындағы маңызды бір бөлігі.
Әлім Байел, ҚР Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Бұл бағыт жүк тасымалы бойынша былтыр екі есе артқан болатын. Биыл да екі есе арып отыр. Тасымалдың көлемі екі жарым миллион тоннаға жеткелі отыр. Сондықтан, біз мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз.
2025 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жылына 10 млн тоннаға дейін жүк тасымалдау мақсаты тұр. Осы орайда, былтыр Ақтауда Қазақстан, Әзербайжан және Түркия аумақтары бойынша орта дәліздегі кедергілерді бір мезгілде жою жөніндегі Жол картасы әзірленді.