Қазақстан Сауд Арабиясында инновациялық хаб ашады

Ол біздің кәсіпкерлер мен IT мамандардың стартаптарын халықаралық нарықта ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Тиісті құжатқа Эр-Риядта қол қойылды. Онда үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысы өтті. Жиында министрліктердің өкілдері мен екі елдің бизнесмендері бірлескен жобаларды пысықтады.

Екі жақтың үкіметаралық 6-шы отырысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына былтыр жасаған ресми сапарының жалғасы іспеттес. Мемлекет басшысы осы елмен өзара инвестициялық және сауда ынтымақтастығы туралы келісім орнатқан еді. Ал биылғы отырыс сол бітімгершіліктің нәтижесі деуге болады. 

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Қазақстан Үкіметі Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты және арадағы достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Сауд Арабиясы – халықаралық аренада біздің жақын серіктестеріміздің бірі. Соңғы 3 онжылдықта екі жақ дипломатиялық қатынастарды дамытудың жаңа деңгейіне қол жеткізіп отыр. Әсіресе инвестиция, экономика, энергетика, агромәдениет, көлік және IT салаларын нақты айта аламыз.

Қазақстанның Даму Банкі мен Сауд Арабиясының экспорттық-импорттық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумына қол қойылды. Осылайша, еліміз Сауд Арабиясында инновациялық хаб ашуға мүмкіндік алды. Ол келер жылдың басынан біздің кәсіпкерлердің стартап-жобаларын әлемдік нарықтарға шығуына мүмкіндік бермек. Ал хаб құруда «Араб кәсіпкерлік орталығы» серіктес болады.

Қаныш Төлеушин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі:

- Бізде осы жобаға инвестиция құюды шешкен жеке сектор бар. Осыған ұқсас хаб Кремний алқабында да ашылады. Ол жақта қазір 24 стартап жоба жұмыс істеп тұр. Жалпы біз саудиялық тарапты бірлесіп тәжірибе алмасуға шақырамыз. Аймақаралық технологиялық экожүйені құру бойынша қадамдар жасайтын инновациялық орталық құруда күш біріктуіміз қажет деп есептеймін.

Отырыс аясында Қазақстанның жасыл энергетика саласына инвестиция тарту туралы да келісім жасалды. Саудиялықтар арнайы жобаға 10 миллиард долларға жуық қаржы салуға дайын. «Аква Пауэр» компаниясы елімізде жел электр станцияларын салады.

Томас Бростром, «ACWA Power» инвестиция бойынша директоры:

- Қазір жел энергетикасы ғана емес, сутегі энергетикасы бойынша 5 түрлі жобаны қарастырып жатырмыз. Егер бәрі ойдағыдай жүзеге асса, 10 миллиард долларға жуық инвестиция салу жоспарда бар. Осылайша, Қазақстан кқптеген пайдалы қазба мен табиғи ресурсқа қол жеткізе алады. Біздің нақты мақсатымыз – бірнеше жел электр станциясын салып беру.

Ахмед Әл Дахил, Қазақстан мен Сауд Арабиясы бірлескен кәсіпкерлер кеңесінің тең төрағасы:

- Қазақстанмен бірлескен жобалар көп. Жыл сайын олардың саны артып келеді. Арадағы түсіністік пен серіктестігіміз одан әрі арта түседі деген сенімдеміз. Сондай-ақ алдағы уақытта екі ел кәсіпкерлерінің өзара жұмысы жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз.

Сауд Арабиясы – Қазақстанның сенімді серіктесі. Сондықтан отырыста қабылданған шешімдер еш күмән тудырмасы анық. Ал қол қойылған бірқатар құжат – халықаралық сарапшылардың сөзінше, екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырудың тағы бір жолы.

Авторы: Альмира Оразбай.