Қазақстандағы елшілер Наурыз мерекесін тойлады

Шетел елшілері Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурызды тойлады.

Қазақтың салт-дәстүріне қаныққан дипломаттар иығына шапан жауып, тақия киді. Тіпті арқан тартысып, асық ойнады. Бұған қоса әртүрлі аспаппен қазақ күйін шырқап, жылдың басын, жылы лебізбен қарсы алды. Бұл қызықтың барлығы, мәдениет және ақпарат министрлігі тұңғыш рет ұйымдастырған "Наурыз балында" өтті. Шарада ұмыт болған құндылықтар жаңғырды. Көшпелі халықтың үні шырқалып, шетелдік қонақтарды мерекелік көңіл-күйге бөледі.

Қазақы нақыштағы ұлттық киім, аспап һәм ойындар, батырлар мен қыран бүркіт. «Наурыз балы» бір мезетте тұтас ғимаратты ежелгі қазақ ауылына айналдырды. Шетел елшілері халқымыздың салты мен дәстүрі, әдеп-ғұрпымен түгел танысты. Осылайша, келелі кеште Ұлыстың ұлы күні тойланып қана қоймай, өзге ұлттармен мәдени байланыс та беки түсті.

Дэниел Розенблюм, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз-көктемнің басталуын білдіретін тамаша мереке. Мен мейрамның тұрғындар үшін қаншалықты маңызды екенін білемін. Ал оны жаңаша бағытта тойлау керемет бастама. Наурызнаманың әр күнінде идея бар. Менің ойымша, бұл елдің мәдениетін кеңінен тануға мүмкіндік береді.

Фаджрул Рахман, Индонезияның Қазақстандағы Елшісі:

- Наурыз құтты болсын! Мен барша қазақстандықты осы тамаша мерекемен құттықтағым келеді. Бұл жаңа жылдың басы. Наурызды 10 күн бойы атап өту жақсы бастама екен. Жауапты органдар халықтың мәдениеті мен Наурыз мерекесінің маңыздылығы үшін үлкен жұмыс атқарғаны көрініп тұр.

Әз Наурыз әлемді достыққа, бірлік пен ынтымаққа үндейтін мереке. Мұны көктемнің басын жылы қарсы алған дипломаттар айғақтады. Кеште түрлі мемлекеттің өкілі қазақша киініп, бірін-бірі жыл басымен кұттықтады. Содан кейін топқа бөлініп, арқан тартысты. Асықтан да бағын сынады.

Кэтрин Лич, Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландияның Қазақстандағы елшісі:

- Наурыз - қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі. Астанаға жақында көшкен мен үшін де қыстың артта қалып, көктемнің басталғаны қуанышты сәт. Маған бұл шапан жақында сыйға берілді. Бүгінгі кеште киіп келуді жөн көрдім. Ұлттық киім халықтың өз тарихына, дәстүрлеріне қандай құрметпен қарайтынын білдіреді.

Ал "Жошы" ансамблі көшпелі халықтың үнін салып, қарашаны таң-тамаша етті. Өнерпаздар кернеймен дабыл қағып, доңыз қауақпен тұран жолбарысының дыбысын салды. Бұл ұжым өткеннің қойнауында ұмыт қалған аспаптарды қайта жаңғыртып жүр. Яғни тарихи кітапты ақтарып, ескі аспаптарды шеберханада жасап шығады. Бұл биыл ғана ашылған ансамбльдың шетелдіктер алдындағы тұсаукесері.

Баянды Сахарияұлы, «Zhoshy» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі:

- Біздің этнограф ғалымдарымыз Болат Сарыбаев аталарымыз, Ақселеу Сейдімбек аталарымыздың жазып кеткен еңбектерін қопарып, қарап отырып соның ішіндегі кітап бетінде, қағаз бетінде қалған зерттеулерін қарай отырып, соны қазіргі таңда өмірге қайттан әкеліп отырмыз. Өзімізде жасайтын шеберхана бар.

Елде 100-ден аса этнос өкілі бар. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева олардың бірлік пен ынтымақта тұрып жатқанын айтты. Бұл сөзге кеште өнер көрсеткен "Бірлік" ансамблі дәлел. Шығармашылық ұжым түрлі этнос өкілдерінен жиналған. Сондай-ақ қазақ күйін шырқаған елшілер де достықтың нышаны іспетті. Түрі де, тілі де, діні мен ділі де басқа. Тіпті аспаптары да әртүрлі. Бірақ бәрі қазақша күйді құйқылжыта орындап шықты.

Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегро, Испания Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Бұл адамдарды тағы да біріктіріп, қазақтардың мейірімділігі мен ашықтығын көрсеткен керемет мүмкіндік. Биыл Наурыз жаңаша тойланып жатқаны қуантады. Біз қазақ өнерінің сұлулығын тамашаладық. Менің ойымша, қазақ халқының ән өнері өте бай. Мен мұны тыңдап ғана қоймай, өзім де күй шырқағаныма қуаныштымын.

Бұл Корея Республикасының елшісі Чжо Тэ Ик. Шараға өзі шапан, ал жұбайы ханбок киіп келді. Осылайша екі мемлекеттің арасындағы мәдени ынтымақтықтың берік екенін көрсеткім келеді, дейді ол.

Чжо Тэ Ик, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Наурыз - жаңа жылдың бастауын білдіретін керемет мереке. Адамдар бірінбірі құттықтап, наурыз көжеден дәм татады. Бұл маған ұнайды. Байқасаңыздар менің жұбайым бүгін корейлердің ұлттық киімін киді. Ал мен шапан кидім. Бұл біздің халықтарымыздың қаншалықты жақын екенін және қарым-қатынастағы үйлесімділікті білдіреді.

Кеште шетелдік дипломаттарға ақпараттық-танымдық Qazaq сulture порталы таныстырылды. Одан бөлек қонақтар ән шырқап, би биледі. Бірлік мерекесінде өзге ұлттың өнері де ұмыт қалмады. Қазақстан ынтымақ пен татулықты берік ұстанады. Ал Наурыз мейрамы бұл қағидаға серпіліс берері анық.

Бекзат Аманов, Жандос Битабаров