Президент С. Жапаровты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

www.akorda.kz

Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

– Қырғызстан – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесіміз. Қос халықтың бауырластығы – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын арқауы. Бұл іске Сіз зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қырғыз елімен стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Біз болашаққа бірге қадам басамыз. Мәңгілік достығымыз бен мызғымас бауырластығымыз жалғаса береді.

– Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым.

Бұл – ерекше құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі. Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімім мол. Қазақстан мен Қырғызстанның достығы мәңгі жалғаса берсін! – деді Мемлекет басшысы.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін мәлімдеді.