Қазақстан Сингапурмен ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашуға ниетті

Қазақстан Сингапурмен ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңін ашуға ниетті.

Біздің тарап энергетика, шикізатты өңдеу, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика сынды салаларда серіктестік орнатқысы келеді. Мемлекеттік сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың саяси элиталарымен кездесіп, осылай деді. Ал қарсы тарап инвестиция бағытына қызығушылық білдіріп отыр. Мемлекет басшысы сапарында тағы қандай тақырыптар талқыланып жатыр? Келелі келіссөздердің қортындысы қандай?

Бекзат Аманов, тілші:

- Бүгін Сингапур ауа райы әдеттегідей ыстық. Күн райы 30 градустан асса, ылғалдылық 70 пайызды көрсетіп тұр. Мұндай кезде жұмыс істемек түгілі, желдеткішсіз жүрудің өзі мұң. Дегенмен, Қазақстан делегациясының қызу тірлігіне бұл әсер етіп жатқан жоқ. Мұнда келгендердің қатарында саясаткерлермен қатар кәсіпкерлер де бар екенін байқадық. Президенттің мемлекеттік сапарынан бастасақ. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Президентінің Istana сарайына келді. Оны мұнда Тарман Шанмугаратнам жеке қарсы алып, екі елдің әнұрандары шырқалды. Кейін қазақ басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. 

Әрі қарай қос Президент келіссөз өтетін залға барды. Жалпы Қазақстан мен Сингапур бір-бірінен жырақта орналасқанына қарамастан саудада сәтті серіктестік орната білді. Былтыр тауар айналымы 2 млрд долларға жуықтаса, соңғы уақытта инвестициядағы байланыс та беки түскен. Ел экономикасына салынған қаржы да 2 миллиард долларға жуық. Бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Президент осы ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңіне жол ашуға ниетті екенін жеткізді. Қазақстан логистика және байланыс саласына да басымдық береді. Бұған жергілікті компаниялар елеулі үлес қоса алады.

Ен Ви Тан, Global DTC бас директоры:

- Біздің платформа кәсіпкерге қолайлы жағдай жасайды. Ол қашықтан өз тауарының қайда бара жатқан, кедендік тіркеуде қалай өткенін бақылай алады. Қазір кей тауар Қытайдан Қазақстанға келгенде, кәсіпкерлер оның қайда екенін таба алмай қалады. Біз бұл мәселені шеше аламыз. Қазақстан темір жолымен күш біріктірдік, әзербайжандық әріптестеріміз де бұл іске үлес қосады.

Кездесулер легі мұнымен шектелмейді. Әрі қарай да саяси салмақты тұлғалар мен ірі компания басшыларымен бас қосады. Негізгі шешімдер осы кезде қабылданады. 

Бекзат Аманов, Марат Жиханбаев, Дулат Ентебеков