Олжас Бектенов ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Премьер-министр Олжас Бектенов Түрікменстанда өткен ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Онда интеграциялық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған құжаттар топтамасы қабылданды. Сондай-ақ көлік, энергетика, химия өнеркәсібі, экология және қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу, денсаулық сақтау салаларында ынтымақтастықты арттыру бойынша мәселелер қаралды. ТМД-дағы көлік дәліздерін дамытуға да ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстанға құйылған инвестицияның жалпы құны 35 млрд доллардан асатын транзиттік трансконтиненталдық маршруттар желісі қалыптасты. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық тасымалдардың 80%-тен астамын ел аумағы арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Біз экономикалық тұрғыда өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізуге, елдің берік "өнеркәсіптік негізін" құруға, маңызды инфрақұрылымды жаңартуға, агроөнеркәсіп кешенін қайта жүктеуге және Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға мүдделіміз. Аталған мақсаттарды толыққанды іске асыру үшін біз негізгі серіктестерімізбен ынтымақтастығымызды нығайту маңызды екеніне сенімдіміз.

Кеңес аясында Үкімет басшысы Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаровпен кездесті. Тараптар қос ел басшыларының тауар айналымы көлемін $3 млрд дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыстарды жеделдету шарасын құптады.