2030 жылға қарай транзиттік жолаушылар саны 1,5 млн-ға дейін жетеді
Ал әуежайлардың жүк тасымалдау қуаты жылына 730 мың тоннаға дейін ұлғаяды.
Ұшақтар паркін 119 техникамен толықтырып, тасымалды екі есе арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Үкімет сағаты Көлік министрі Марат Қарабаевтың баяндамасынан басталды. Министр Елдің көлік-логистикалық әлеуеті жайлы айтып берді. Оның айтуынша, Биыл транзиттік жүк тасымалы 6%-ға өсті. Айта кетейік, ел аумағында 13 халықаралық дәліз жұмыс істеп тұр, оның бесеуі теміржол, ал сегізі автомобиль жолдары. Осы бағыттар арқылы былтыр 32 млн тонна жүк тасымалданды. 2030жылға қарай тасымалдау көлемін 74 млн тоннаға жеткізіп, 2 есеге арттыру міндеті тұр.
Қазір қарқынды дамып келе жатқан 2 транзиттік дәліз бар. Біріншісі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Оның бүгінгі өткізу қабылеті 6 млн тоннаны құрайды.
Екіншісі – Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі. Дәстүрлі логистикалық жүйелердің өзгеруіне байланысты, бұл бағыт орасан зор әлеуетке ие деді министр. Жүк көлемінің негізгі үлесі Ресейде қалыптасып, Парсы шығанағындағы елдерге тасымалдауға арналған. Бұл бағыт жылына 10 млн тоннаға дейін жүкті өткізе алады. 2030жылға қарай тасымалдау көлемін екі есе арттыру жоспарланған.
Шетелмен сауда айналымы артып келеді. Мәселен, Қытай бағытындағы жүк ағымы соңғы 10 жылда 3 есеге ұлғайғанын. Атап өту керек, көрші елдің жалпы транзит құрылымындағы үлесі 2013 жылы 24%болса, қазір 40%-ға жетті.
Түркия Құрық портының жанында зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл отандық флоттың жетіспеушілігін реттеуге бағытталған шаралардың бірі. Бүгінде Құрық – Алят қатынасында тек әзербайжандық паромдар жұмыс істейді. «Қазірдің өзінде бізге ең кемінде 7 кеме қажет», - деді министр.
Бұдан бөлек әуе тасымалы, халықаралық байланыс бағытындағы атқарылатын жұмыс жоспары аталып өтті. Үкімет сағаты әлі жалғасып жатыр.