Қ.Тоқаев: Жасанды интеллект технологияларын дамыту керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ana tili газетіне берген сұхбатында елде жасанды интеллект технологияларын дамытудың маңыздылығына тоқталды.

"Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Е-Government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-орында тұр. Бұл тәуір нәтиже, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды" - деді Президент. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Осы мақсатта елде жасанды интеллектінің халықаралық орталығы ашылады. Бұл орталық инвестиция тартатын, әлемдік тәжірибені және инновацияларды енгізетін орынға айналуы тиіс. Президент нейрожүйелерден туындайтын қатерлердің барын да жоққа шығармады. Сондықтан көптеген мемлекет жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті. Депутаттар да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек - деді Мемлекет басшысы.