М. Қарсыбеков: діттегеніміз – олимпиада жүлдесі
«4 ай залда түнедім». Бұл елдегі шорт-трек спортын жоғары деңгейге көтерген Мәдіғали Қарсыбековтің сөзі.
40 жылдық өмірін спортқа арнаған бапкердің шәкірттері бүгінде әлем үздіктерімен тең дәрежеде өнер көрсетіп жүр. Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушының ендігі арманы қандай?
Мерей Қанапия, тілші:
-Қазақстандағы шорт-тректің дамуы тікелей бір тұлғаның есімімен байланысты. Ол, әрине, Мәдіғали Қарсыбеков. Кешегі Харбинде өткен Қысқы Азия ойындарында Мәдіғали баптап, дайындап кеткен төл шәкірттері биік тұғырдан көрініп, тарихи алтынға қол жеткізді. Қазір сол Мәдіғали Қарсыбековпен сұхбаттасудың реті келіп тұр. Өткенде Харбинде біздің жігіттер тарихи алтынға қол жеткізді.
Мәдіғали Қарсыбеков, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
-Әрине, қуанышты жеңіс. Сол атынның келуі тактиканың дұрыс қойылуынан. Біреуі құлап, екіншісі пенальти алып, жеңіске жеттік. Өздері күресіп, тактикасын дұрыс қойып, алдына шықпай, аңдып жүріп, соңғы айналымда Әділ финишке жетті. Енді бәрі таң қалды. Әр командада 12 адам. Корея мен Қытай құрамасын санасаң, 24 адам. Арасында 11 олимпиада жүлдегері, 12-сі – Әлем чемпионатының жүлдегері. Біреуі ғана медаль алмаған, сол Қытай командасында. Сондай конкуренцияда біздің жігіттер, қыздар жақсы нәтиже көрсетіп, 2 күміс, 1 алтынға ие болды.
Иә, Қысқы Азия ойындарында шорт-трек құрамасы командалық-эстафеталық сындарда өте сәтті өнер көрсетті. Осыған дейінгі құрлықтық бәсекелерде отандастарымыз тек 3 қоламен шектелген еді. Оның 2-уін 2011 жылы алса, біреуін 2017 жылы Жапонияда өткен Қысқы ойындарда олжалады. Харбинде сол қола жүлде күміске, артынан алтынға ұласты. Осындай жетістіктердің артында Мәдіғали Қарсыбеков сынды білікті жаттықтырушының төккен тері мен еңбегі жатыр.
Мәдіғали Қарсыбеков, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
-Енді осы 40 жыл шорт-тректе жүрмін. Басында дұрыс коньки, бәтеңке болған жоқ. Оны өзіміз істейтінбіз. Енді етікші болдық, бір жағынан инженер-металлист болдық. Бәрібір шыдадым. Оралға барғанда, тек 1 ой болды. Маған тек мұз берсе болды, әр жағын өзім істеп беремін дедім. Сөйтіп сол мұзға 3 жыл ішінде 5 мың баладай іріктеп, тексеріп, қарап, мұзға әкеліп, сол 5 мыңның 1 пайызын қалдырдым. Енді солардың арасынан ең үздіктері Абзал, Нұрберген Жұмағазиев, Бекжанов Айдар, Артур Сұлтанғалиев, Аслан Даумов шықты. Бірақ ондай талантты балаларға 2-3 тренер керек. Мен өзім жалғыз болдым, содан қиын болды.
2-3 күннен кейін шорт-трекшілер қайтадан қызу жаттығуды бастайды. Алда наурыз айында Бейжіңде өтетін Әлем чемпионаты келе жатыр. Келесі жылы Милан олимпиадасы тұр.
Мәдіғали Қарсыбеков, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
-Сол олимпиадаға дұрыс дайындалып, біз 4-орын, 5-орын, 6-орын да болдық. Енді қазір олимпиаданың жүлдесін алу керекпіз. Соған тырысып, жұмыс істеп жатырмыз.
Мерей Қанапия, тілші:
-Қазақстандық шорт-трекшілер Азия ойындары мен әлем біріншіліктерінде көзге түсіп жүр. Десе де, қоржынға бір ғана жүлде жетіспей тұр. Ол Олимпиада ойындарының медалі. Көпшіліктің аңсаған арманы келесі жылы Милан төрінде орындалады деген сенімдеміз.
Авторлары: Мерей Қанапия, Берік Шаров