Бейжің-2022: спортшыларға күннің жылынуы кедергі бола ма?

Қысқы паралимпиада өтіп жатқан Бейжің қаласында және Яньцин мен Чжанцзякоу аймақтарында сынап бағанасы жоғарылап, жарыс кестесі өзгеріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе сноубордттиың финалдық сындары 90 минутқа кейінге шегерілді. Жарыстың басы-қасындағылар алдағы уақытта жаңбыр жауып, қар ери ме деп қауіптенеді.

Қазірдің өзінде кей жерлерде +12 градусты көрсетіп тұр. Бұл шаңғыны майлауда және жарыс кезінде қосымша күш салуға мәжбүрлейді. Ал қазақстандық спортшылар қатысып жатқан  шаңғы мен биатлон жарыстарында бұндай қауіп жоқ. Өйткені жерге жасанды қар төселген.

Айта кетейік, қысқы Олимпиада кезінде керісінше жағдай орын алып еді. Ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендеп, желдің екпіні күшейді. Салдарынан бірқатар жарыс кейінге қалдырылды.

Александр Герлиц, паралимпиада ойындарының жүлдегері:

– Қытайға келген кезде қатты суық болды. Әсіресе Чжанцзякоу өңірінде желдің екіпіні күшті еді. Қазір жағдай бірқалыпты. Апта соңына дейін сынап бағасы +20 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Оған таңданудың қажеті жоқ. Қазір көктем мезгілі.