Каспий жағалауында жүгіруден жарыс өтті
Каспий жағалауында ерлер мен әйелдер жүгіруден жарысты. Спорттық байқау осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр.
Биылғы ерекшелігі, скандинавтық жүру бойынша сайыс қатар өткізілді. Жалпы алғанда, жарысқа 12-76 жас аралығындағы 250-ден аса адам қатысты. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды. «Өзіңе сен» қоры өткізген Caspian Marathon-ға «Jusan bank» қолдау көрсетті.
Caspian Marathon қаладағы 4а-шағын аудандағы жағалаудан басталды. Қатысушылар ережеге сәйкес 10 шақырым қашықтықты еңсеруі тиіс. Алдымен жүгіруден көпшілік жарыс басталды. Іле-шала скандиваниялық жүру бойынша сайыс жалғасты. Мәреге Атыраудан келген желаяқ Еркебұлан Аташов бірінші болып жетті. Қос қолға таяқ ұстап шапшаң жүруден ресейлік Григорий Колесниченко алдында жан салмады.
Еркебұлан Аташов, жүгіруден жарыс жеңімпазы:
- Көптеген жарыстарға қатыстым. Жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Мынау Ақтаудағы екінші жарысым. Бәрі жақсы, жоғары деңгейде өтті жарыс.
Григорий Колесниченко, скандинавтық жүруден жарыс жеңімпазы:
- Спортпен ұзақ жылдан бері шұғылданамын. Жеңіл атлетика және академиялық ескек есуден жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз болдым. Ақтауға жұмыс бабымен келдім. Өңірдегі туристік орындарға жеткізіп, таныстырумен шұғылданамын.
Бейнеу ауылының тұрғыны Раббим Борашев жарысқа жанұясымен келіп қатысты. Жақындарымен бірге жағалауда 10 шақырым жерді жылдам жүріп өтті. «Сайыстың мақсаты да осы. Оған 12 жастан бастап кез-келген адам қатысып, көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға шақырады» - дейді ұйымдастырушылар.
Раббим Борашев, жарысқа қатысушы:
- Ақтау қаласының 60 жылдығына арналып алғашқы рет, биыл өтіп жатқан жарыстардың бастамасы. Үлкен марафон жарыс болды. 3 поколение болып келдік, ата-әже, бала-келін, немелелерім болып.
Ақтоты Байзулаева, ұйымдастырушы:
- Былтыр жүгіруден жарысқа өңірлер мен шетелден 100-ден аса адам онлайн түрде қатысты. Жүлдегерлер ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталды. Биыл скандинавтық жүрумен айналысатын ақтаулық тұрғындардың өтінішін ескеріп, осы жарысқа қостық. Марафон алдағы уақытта да жалғасады.
Айта кетейік, Caspian Marathon-ға қатысушылар 5 мың теңгеден жарна төлеген. Жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Ал қос сайыс қорытындысы бойынша үздік үштікте есімі аталғандарға 20, 30 және 50 мың теңге берілді.