Қазақ боксшылары Бангкоктағы Азия біріншілігінен олжалы оралды
Қаңтардың 18-і мен 26-сы аралығында Тайланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгі боксшылардың Азия біріншілігі өткен болатын. Осынау байрақты бәсекеде 5 алтын 3 күміс 12 қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте Өзбектерді алға жіберіп, екінші орыннан көрінді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тайланд төрінде керілген шаршы алаңда қыз-жігіттеріміз намысты қолдан бермеуге барынша тырысты. Біреуінің бағы жанды, енді біреуіне сәл ғана сәттілік жетіспеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Алматы әуежайынан бір топ жанкүйерлер құшақ жая қарсы алды. Жас ақындар арнау айтып, әншілер жырдан шашу шашты. Көк байрағымызды биіктен желбіретіп, ел абыройын асқақтатқан ұл-қыздарымызға қандай құрмет көрсетсек те – жарасады.
Махмұд Сабырхан, Азия чемпионы:
- Халқыма мен үшін қуанып келіп, осылай дұғада болған күтіп алып жатыр, үлкен рақметімді айтамын. Алла қаласа, бұл халқымның сенімдерін ақтаймын. Алда Ташкентте болатын әлем чемпионаты бар. Одан соң Олимпиада ойындары бар. Алла қаласа, қазақтың көк туын желбіретіп, чемпион боламын деген арман, мақсатым бар.
Санжар Тәшкенбай, Азия чемпионы:
- Жарыс ойдағыдай өтті. Жақсы дәрежеде өтті. Аллаға шүкір, алтынмен оралдық. Қуаныштымыз, әрине, осылай біз чемпион болғанда қолдау көрсетсе, ары қарай шабыт алып, чемпион болғымыз келіп тұрады ғой, әрине.