Швециядағы парашаңғы және парабиатлон бойынша әлем чемпионаты: бір алтын және қос қола

Швециядағы парашаңғы және парабиатлон бойынша әлем чемпионаты: бір алтын және қос қола

Бір алтын және қос қола. Қазақстандық Ербол Хамитов парашаңғы және парабиатлон бойынша әлем чемпионатынан осындай олжамен оралды.

Әсіресе алтын жүлде біз үшін тарихи нәтиже саналады. Өйткені, ұлттық құрама спортшысы алғаш рет парашаңғының спринт бағытында топ жарып тұр. Бұған қоса, Ербол пара биатлонның 7 және 12 шақырымдық бәсекелерінде үздік үштікті түйіндеді. Ел абыройын асқақтатқан спортшыны елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды. Айта кетейік, дүниежүзілік дода Швецияның Эстерсунд қаласында өткен болатын. Оған 18 елден 100-ден аса қатысушы жиналды. Олардың арасында 7 қазақстандық спортшы бар.

Ербол Хамитов, парашаңғыдан Әлем чемпионы:

- Әлем чемпионатына дайындық жоғары деңгейде өтті. Біз жарыстың алдында дәл сол Швецияның Эстерсунд қаласындағы жаттығу жиынына қатыстық. Соның арқасында жеңіске жеттім деуге болады. Бұған қоса, бізге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Оған да ерекше тоқталып, отандық спорттың басы-қасындағыларға алғыс айтқым келеді.