Алматыда республикалық жастар ойындары жалғасып жатыр
Лайықты ізбасарлар өсіп келеді. Алматыда қысқы спорт түрлерінен республикалық жастар ойындары жалғасып жатыр.
Жарыстың кезекті күні шаңғымен тұғырдан секіру бойынша соңғы медальдар жиынтығы сарапқа салынды. «Сұңқар» шаңғы трамплиніне жиналғандар командалық сынға қатысқан болатын. Нәтижесінде Алматы қаласының бірінші командасы айтарлықтай басымдықпен жеңіске жетті. Одан кейінгі орындарға Алматы-2 құрамасы мен ШҚО спортшылары тұрақтады. Жалпыкомандалық есепте де Алматы қаласы жеке-дара топ жарды. Шығыс Қазақстан облысы 2-ші орын алса, Алматы облысы үздік үштікті түйіндеді. Бұған қоса қазір керлингтен де негізгі бәсекелер өтіп жатыр. Оның жеңімпаздары 12-ші ақпанда белгілі болады. Жалпы биылғы жастар ойыны аясында 11 спорт түрі бойынша үздіктер анықталып, алдағы халықаралық жарыстарға, оның ішінде жасөспірімдер олимпиадасына қатысатын ұлттық құрама жасақталмақ.
Айта кету керек, қысқы спорт түрлері бойынша республикалық ойындар осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып тұр.