Оралда отырып ойнайтын волейболдан жарыс өтті

Оралда тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында отырып ойнайтын волейболдан облыс чемпионаты өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайысқа Орал қаласы мен облыстың бірнеше ауданынан командалар қатысты. Өңірде 24 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам бар. Соның ішінде 200-ден аса мүгедек жан спорттың 16 түрімен кәсіби түрде шұғылданады. Отырып ойнайтын волейболдан тұрақты жаттығу жасап, республикалық жарыстарда өнер көрсетіп жүргендері де аз емес.

Айта кету керек, жуырда әлеуметтік жобаларды дамыту орталығының қолдауымен мүгедектер спорт клубының ұжымына волейболды отырып ойнауға арналған арнайы құрал-жабдықтар тарту етілді. Жарыс нәтижесінде Бөрлі мен Ақжайық ауданының командалары жүлделі үшінші және екінші орындарды бөлісті. Ал Оралдық команда бәрінен басым түсіп, жеңімпаз атанды.

Жұмажан Қожжанов, БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы:

- Қазіргі мақсат ауыл-аймақтағы спортшыларды ірі аудандарда орталықтарында ашу, сонымен бірге соған іргелес аудандардағы спортшыларды біріктіріп, сол аудандарға немесе облыстық құрама командаға тарту. Сөйтіп, әлемдік деңгейге шыға бастаған отырып ойнайтын волейболды елімізде, аудандарда, жергілікті жерде насихаттау.