Алматыда спорттық гимнастика залы ашылды
Алматыда күрделі жөндеуден кейін спорттық гимнастика залы қайта ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
1974 жылы салынған спорт кешені біраз жылдан бері қаңырап бос тұрған еді. Қала әкімдігінің қолдауымен халықаралық стандартқа сай жасақталған кешен болашақ спортшыларды қабылдай бастайды. Енді қаладағы нөмірі 9-шы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде батут пен спорттық акробатикадан ұлттық құрама мүшелері үлкен жарыстар алдында жаттығу жасай алады. Халықаралық гимнастика федерациясы мақұлдаған заманауи үлгідегі спорттық жабдықтармен жасақталған бұл залда ел біріншіліктері ғана емес, әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарды да өткізуге болады, - дейді мамандар.
Айсұлу Серікқызы, №9 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:
- Енді біздің спортшыларымыз алысқа бармай-ақ, Алматыда жаттыға алады. Сондай-ақ спорттық гимнастикамен шұғылданамын деген кез-келген жас өренге залдың есігі әрдайым ашық. Мемлекеттің қолдауымен бәрі тегін болмақ. Келешекте әлем және олимпиада чемпиондарының осы залдан шығарына сенімім мол. Өйткені мұнда көптеген білікті бапкерлер тәлім береді. Сондай-ақ дәл қазіргі уақытта әлемдік аренада жарқырап жүрген Нариман Құрбанов пен Милад Карими секілді мықтыларымыз да осында жаттығады.