Головкин жекпе-жектен бас тартты
Тағы бір титулынан айырылды. Қазақстандық Геннадий Головкин кубалық Эрисланди Ларамен кездесуден бас тартып, WBA тұжырымы бойынша чемпиондық белдігін қайтарды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы қос мықтыны жекпе-жек өткізуге міндеттеп, келсіссөздерге 15 күн берген болатын. Нәтижесінде Головкин промоутерлік саудаға қатыспады. Сәйкесінше чемпиондық белдік енді жекпе-жексіз Лараға беріледі Ал Головкин болса 1 айдың ішінде 2 бірдей титулынан айырылып отыр.
Осының алдында тағы бір кубалық Эскиво Фалькаомен де кездесуге келіспей, IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белдігін босатқан болатын. Енді жерлесіміздің қолында бір ғана атақ қалды. Яғни, ол қазір – IBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы.
Айта кетейік, Геннадий Головкин биыл 41 жасқа толады. Бүгінге дейін кәсіпқой рингте 45 кездесу өткізіп, 42-сінде жеңіске жетті. Ал күні кеше бас тартқан белдігін жапониялық Риота Муратаны жеңу арқылы иеленген болатын және бұны бірде-бір рет қорғамады.