Қазақстандық жас шабандоздар Түркиядағы жарыста топ жарды
Лайықты ізбасарлар өсіп келеді. Қазақстандық жас шабандоздар Түркиядағы халықаралық жарысқа қатысып, кезекті рет өз мықтылығын дәледеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Алания кубогы» деп аталатын байрақты бәсекенің топтық жарысы 80 шақырымға созылды және бұл сында барлық жүлдені жерлестеріміз жеңіп алды. Яғни, «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының шәкірттері Вадим Белугин бірінші, Михаил Подлужный екінші, ал Владислав Башлыков үшінші орын алды. Тіпті қазақстандық Алик Батырхан мен Мансұр Бейсембай алдыңғы бестікті түйіндеді.
Қыздар арасындағы көрсеткіш те жақсы. Әсіресе Ақпейіл Өсім ересектер арасындағы жарыста топ жарса, Рината Сұлтанова мәре сызығын екінші болып кесті. Жасөспірімдер арасында тағы да олимпиадалық орталық өкілдері Елизавета Склярова бірінші, Аружан Рақымжан екінші орын алды.
Айта кетейік, Светлана Тарасова жаттықтыратын ұлттық құраманың қыздары жарыс алдында дәл осы жерде жаттығу жиынын өткізіп, құрлықтық және әлемдік додаларға дайындықты пысқытады.