Биатлоннан әлем чемпионатында жерлестердің жолы болмай тұр
Ақмола облысында биатлоннан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айта кету керек, Қазақстан бұндай деңгейдегі жарысты өз тарихында алғаш қабылдап отыр және оған 40 елден 800-ден аса спортшы жиналды. Олар, міне, бүгін 6-шы күн қатарынан әртүрлі қашықтықта медальдар жиындығын сарапқа салып жатыр. Әзірге ұлттық құрама қоржыны бос. Ең тәуір көрсеткішке Данил Червенко қол жеткізді. Ол 15 шақырымдық жекелей сында 11-ші сатыға тұрақтады. Ерлер және әйелдер арасындағы эстафетада ұлттық құрама 13-ші орын алса, аралас түрінде 14-ші сатыға жайғасты. Жеңіс тұғырына Норвегия, Словения, Франция, Германия және Украина сияқты елдердің спортшылары көтеріліп жатыр. Қазақстан командасының басы-қасындағы мамандар енді соңғы сайыстарға үлкен үміт артады. Яғни, бүгін және ертең спринтерлік бәсекелер өтуі керек. Ал чемпионаттың соңғы күні із қуу жарысы ұйымдастырылады. Щучинск қаласындағы әлем чемпионаты 12 наурызға дейін жалғасады.
Дмитрий Смотров, биатлоннан Қазақстан құрамасының шаңғы майлаушысы:
- Еуропаның көп елдерінде шаңғыны жасанды қар үстінде тебеді. Сәйкесінше жоғары нәтиже көрсету де қиын. Ал біздегі жағдай, яғни табиғи қар спортшыларға өте қолайлы. Осы факторды ескере отырып, шаңғыны дайындап береміз. Арнайы ұнтақтар мен парафиндер бар. Оны дұрыс қолданбасақ, биатлоншының жылдамдығы бәсеңдейді және жақсы нәтиже көрсетуі екіталай.