«Елім-ай» футбол клубы 17 жылдан кейін еңсесін қайта тіктеді

Кезінде Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған «Елім-ай» футбол клубы 17 жылдан кейін еңсесін қайта тіктеді.

Сөйтіп, 14 сәуірде Семейде тарихи матч өткізеді. Бірінші лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алған жергілікті аяқ доп шеберлері өз алаңында елорданың "Астана М" командасын қабылдайды. Осыған орай қаладағы "Спартак" стадионында жөндеу жұмысы қызу жүріп жатыр.8 мың адам сыятын кешеннің ойын алаңы тазартылып, орындықтар сырланып, футболшылар мен судьялар киініп-шешінетін бөлмелер, медициналық кабинет пен баспасөз орталығы дайындалып жатыр. Стадион 2013 жылы қазақ футболының 100 жылдығына орай күрделі жөндеуден өткен.

Еділ Көбелдесов, "Спартак" стадионының директоры:

- Ақтау-сырлау жұмыстары, ағымдағы жөндеу басталды. 10 сәуірге дейін дайын боламыз деген ниеттеміз. Семей – футболдың Отаны. Сондықтан алғашқы тарихи ойынды жоғары деңгейде өткізу міндетіміз. Халық алдындағы борышымыз деп білеміз. Қолымыздан келгенше дайындалып жатырмыз.