Бородулиха ауданында жас хоккейшілер киіп жүрген форманың тоз-тозы шыққан
Абай облысының Бородулиха ауданының Зенковка ауылының жас хоккейшілері киімге жарымай жүр.
Осыдан 6 жыл бұрын меценаттар сыйға тартқан форма ескіріп, тарылып қалған дейді, жас спортшылар. Жергілікті шенділер бұл мәселеден хабардар ма?
Сегізінші сыныпта оқитын Александр Легари 6 жылдан бері хоккеймен шұғылданады. Осы уақыт аралығында облыстық, республикалық, халықаралық турнирлерге қатысып, жүлдегер атанған. Алайда соңғы кездері киімнің жоқтығынан жарыстарға бара алмай жүр.
Александр Легари, Зенковка ауылының тұрғыны:
- Формамыз әбден тозып кетті. Тесіліп жатыр. Сыймайды. Бойымыз өсті, жаңа киім қажет бізге. Алуға өзіміздің шамамыз келмейді.
Иә, олардың киім алуға шамасы келмеген соң ауылдағы мұз сарайына барып, хоккей ойнайды. Өйткені осы елді мекеннің тумасы Константин Поп өз қаржысына салған спорт нысаны балаларға тегін қызмет көрсетеді. 1996 жылы Германияға көшіп, 8 жылдан соң елге қайта оралған кәсіпкер ғимаратты алты жыл бұрын пайдалануға берген болатын. Сол кезде жергілікті кәсіпкердің бірі «Зенковка» хоккей клубына 27 дана коньки, қақпашы формасы мен өзге де құрал-жабдықтарды сыйға тартқан. Бірақ содан бері ауыстырылмаған екен.
Константин Поп, хоккей модулінің директоры:
- Қазір мұнда 20 бала ғана хоккеймен айналысады. Өйткені форма жоқ. Ал қатысқысы келетіндер көп. Мәселені айтпаған жеріміз, ашпаған есігіміз қалмады. Уәде беретіндер көп, бірақ нәтиже жоқ. Уақыт өтіп жатыр, ал балалар күннен күнге есейіп барады.
Қанат Қайырбеков, Бородулиха аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
- Бәрін көріп, біліп отырмыз. Жақында орта топқа форма алу үшін 11 миллион теңгеге бюджеттік өтініш бердік. Сәуірдің басында облыстық мәслихаттың сессияда өтеді. Егер қолдау тапса, хоккей маусымы басталғанда жаңа форма болады деп ойлаймыз.
Дәл қазір мұз сарайында жаттығатын кіші және орта топтағы балаларға форма қажет. Спорт модулі директорының айтуынша, мәселе шешілмесе, «Зенковка» хоккей клубы жабылып қалуы әбден мүмкін.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов