Елдос Сметов татамиге оралды

Елдос Сметов татамиге оралды

Ұлттық құраманың үздігі ұзақ үзілістен кейін қайтадан жарысқа араласады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дзюдодан алдағы әлем чемпионатына қатысатын қыз-жігіттердің тізімі жарияланды. Соған сәйкес 60 келі салмақта ел намысын Елдос Сметов қорғайтын болды.

Айта кетейік, ол жарақатына байланысты біраз бәсекеге қатыса алмады. Дәл осы салмақта тағы бір жерлесіміз Нұрқанат Серікбаев та өнер көрсетеді. Орта салмақтарда Ғұсман Қырғызбаев, Жансай Смағұлов және Данияр Шамшаевтарға үлкен үміт артылып отыр. Ауыр және аса ауыр салмақтарда Абылайхан Жұбаназар, Дидар Хамза және Нұрлыхан Шархандар белдеседі. Қыздар арасында Абиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева, Камила Берліқаш және Ақерке Рамазанова сияқты спортшылар дүниежүзілік додаға қатысуға мүмкіндік алды.

Тізімде бас-аяғы 19 дзюдошы бар. Қазір олар Алматыда жарыс алдындағы соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Әлем чемпионатының өзі мамырдың 7-сі мен 14-і аралығында Қатар астанасы Доха қаласында өтеді.