Талдықорғанда көгалдағы хоккейден Қазақстан чемпионаты басталды

Ел біріншілігіне ерлерден 7, қыздардан 9, ал жасөспірімдерден 8 команда қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республикамыздың әр аймағынан келген облыс құрамалары айналмалы жүйе негізінде бір-бірімен кездесу өткізеді. Осылайша, жарыстың бірінші және екінші тур ойындары қорытындыланады. 3 айлық үзілістен кейін спортшылар алаңда қайта жүздесіп, үшінші, төртінші кезеңдегі өзара мықтыны анықтайды. Сол кезде жинаған ұпай санына қарай жеңімпаз бен жүлдегер командалар анықталады.

Ерекше ойын өрнегін көрсетіп, көзге түскен жас спортшылар ұлттық құрама сапына алынбақ. Сөйтіп олар халықаралық додаларда және Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Еркебұлан Дүйсебеков, Жетісу облысы құрама командасының ойыншысы:

- Жетісу облысы - Қазақстан чемпионатында 9 дүркін чемпионы. Осы жылы 10-шы рет чемпион болуға бар күшімізді саламыз. Ойынға талпынысымыз өте жоғары. Жақсы дайындалдық.