Боксшы Талғат Сырымбет әлем чемпионатында есе жіберді
Талғат Сырымбет есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні жерлестеріміз арасынан шаршы алаңға бір ғана спортшы шықты. 60 келіде өнер көрсететін Талғат Сырымбет иорданиялық Мохамед Абу-Джаджехпен жолықты.
Айта кету керек, қарсыласы – Азия чемпионатында топ жарған тәжірибелі боксшы. Соған қарамастан Талғат өте белсенді қимылдап, басым болуға тырысты. Бірақ жекпе-жектен кейін төреші иорданиялық боксшының қолын көтерді. Қорытынды есеп: 4:1. Артынша Талғат бұл шешіммен келіспейтін жетікізіп, Халықаралық бокс федерациясының президентіне мәлімдеме жасады.
Талғат Сырымбет, ұлттық құрама мүшесі:
- Әлем чемпионатындағы соңғы жекпе-жегімді қайта қарауыңызды сұраймын. Өйткені жеңіс басқа тарапқа кетіп қалды. Әділ шешім болады деген үміттемін.
Ал ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов жекпе-жеккке қатысты ресми шағым түсірмейтінін жеткізді. Өйткені жарыс талабы бойынша, есеп 2:3 болған жағдайда ғана аппеляцияны қабылдайды. Басқа жағынан, Талғат әлем чемпионатына бірінші рет қатысып тұр. «Сол тәжірибенің аздығынан бассыз алға кеткен кездері болды. Сондай сәттерде соққылар жіберіп алды. Жеңіске деген қатты құштарлықтың кері әсері де болатынын ұмытпау керек», - дейді бас бапкер.
Мырзағали Айтжанов, ұлттық құраманың бас бапкері:
- Талғаттың қарсыласы осал емес. 2022 жылы Азия чемпионы атанды. Кездесу оңай болған жоқ. Бірақ біз боксшымызға ризамыз. Барын салды, аянған жоқ. Тапсырмамызды шама келгенше орындады. Өзім де оны жеңілді деп ойламаймын. Бірақ төреші қарсыластың қолын көтерген соң жеңілісті мойындау керек. Амал жоқ, көнуге тура келеді.
Айта кету керек, Талғат – жарыс жолынан шығып қалған алғашқы қазақстандық боксшы. Қалған жігіттер алдағы жекпе-жектерге дайындалып жатыр. Ташкенттегі әлем чемпионатына бас-аяғы 13 жерлесіміз аттанған болатын. Ал қатысушылардың жалпы саны 600-ден асады. Биылғы бәсекеге 104 елдің өкілдері қатысып жатыр.
Айта кету керек, бұл жолы рекордттық деңгейдегі жүлде қоры тағайындалды. Яғни, алтын алған боксшыға 200 мың, күміс пен қолаға сәйкесінше 100 және 50 мың АҚШ долларынан табыстамақ. Бұған қоса жеңіске жеткен жерлестерімізге Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышов өз қалтасынан 100 мың доллардан беретінін мәлімдеді. Ташкенттегі дүниежүзілік доданың жалпы қорытындысы 14 мамырда белгілі болады.