Алматыда шахматтан Азия үздіктері анықталып жатыр
Жарыс соңына қарай тартыс күшейді.
Алматы қаласында шахматтан Азия құрлықтық чемпионаты жалғасып жатыр. Байрақты бәсекеге 18 елден 120-дан аса қатысушы жиналды. Олар алғашқы жарыс күндері шахматтың блиц түрінде бақ сынаған болатын. Жылдам шахматта жерлестеріміз ешкімге дес бермеді. Қыздар арасында Ксения Балабаева топ жарса, ерлер арасында Арыстан Есенжоловтың асығы алшысынан түсті.
Енді қазір классикалық шахматтан жүлделі орындар сарапқа салынып жатыр және бұнда да жерлестеріміз жеңіс жолын жалғастыруы мүмкін. Әсіресе қазақстандық Ринат Жұмабаев 5 турдан кейін бірінші сатыға көтерілді. Өзбекстандық Шамшиддин Вохидовтың да ұпайы жоғары. Екеуі әзірге топ басындағы орынды бөлісіп тұр. Ал үндістандық Аржун Эригайси оларға негізгі бәскелес болады. Әйелдер арасында Назерке Нұрғали, Меруерт Қамалиденова және Ксения Балабаева сияқты спортшыларымыздың көрсеткіші жақсы. Алда әлі 4 тур бар. Классикалық шахматтың жеңімпаздары 11-ші маусым күні белгілі болады.