Карлос Алькарас Уимблдон турнирінің чемпионы атанды
Алькарас – Уимблдон чемпионы.
Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында теннистен жылдың басты бәсекесі мәресіне жетті. Ерлер арасындағы жарыста бас жүлдені испаниялық Карлос Алькарас пен сербиялық Новак Джокович сарапқа салды. Әлемдік рейтингте бірінші және екінші тұрған қос мықты 4 сағат 46 минут бойы ойнады. Қорытынды есеп: 1:6, 7:6, 6:1, 3:6 және 6:4. Осылайша, 20 жастағы Алькарас Уимблдон турнирінде бірінші рет топ жарып тұр. Бұған дейінгі ең тәуір көрсеткіші төртінші айналымға шыққаны болатын.
Ал Новак Джокович дәл осы додада 7 рет жеңімпаз атанды. Бірақ бұл да рекорд емес. Жоғары көрсеткіш швейцариялық Роджер Федерерге тиесілі. Ол Уимблдон бәсекесін 8 мәрте жеңді.
Карлос Алькарас, жарыс жеңімпазы:
- Мен үші бұл ең бақытты сәт саналады. Өйткені тенниске келгеннен кебі осы бәсекенің бас жүлдесін алуды армандадым. Әсіресе Новак Джоковичті ұту оңай емес. Сондықтан бүгінгі жеңіс тарихта қалады. Жеке кәсіпқой мансабымда қол жеткізген ең жоғарығы жетістігім деп нық сеніммен айта аламын.
Ал әйелдер арасындағы бәсекеде чехиялық Маркета Воундрошова топ жарды. Теннис мамандары оны сенсациялық жеңіске балап жатыр. Өйткені әлемдік рейтингте 42-ші тұрған Маркета 6-шы тұрған Онс Жаберді ұтты. Қорытынды есеп: 6:4, 6:4. Тунистік теннисші екінші жыл қатарынан финалда есе жіберіп, бас жүлдеге қол жеткізе алмады. Былтыр қазақстандық Елена Рыбакинадан ұтылған болатын.