Нысана көздеуден жасөспірімдер арасындағы əлем чемпионаты аяқталды

Жалпы есепте алдыңғы бестіктеміз.

Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында нысана көздеуден жасөспірімдер арасындағы əлем чемпионаты аяқталды. Ұлттық құрама қоржынында 10 медаль бар. Оның 4-еуі алтын. Әсіресе, жарыстың соңғы күні қазақ қыздары командалық сында топ жарды. Фатима Ирназарова, Зухра Ирназарова және Александра Садуақасова үштігі ауыспалы ритмдегі жылжымалы нысана көздеуде ең үздік нәтижені тіркеді. Айта кету керек, осы қыздар командалық сында екінші рет чемпион атанып, әнұранымызды шырқатты. Артынша жекелей сында Фатима Ирназарова алтын, ал Зухра Ирназарова қола жүлдеге қол созды. Қазақстанның ерлер құрамасы Украина мен Финляндиядан кейін 3-ші сатыға тұрақтады.Бұл сында ел намысын Асадбек Назырқұлов, Илья Зотеев және Даниил Яковенко қорғаған болатын. Байрақты бәсекеге бас-аяғы 12 спортшымыз қатысты. Ал жалпы алар болсақ, әлем чемпионатында 45 елдің 600-ден астым сұрмергені бағын сынады.