Елімізде паралимпиадалық спорт түрлері қарқынды дамып келеді
Жүгіру, бочча, пара теннистен чемпионаттар ұйымдастырылып тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұлттық паралимпиадалық комитеттің мәліметінше, республика бойынша 740-тан астам параспортшы тіркелген. Оның ішінде әйелдер құрамаларының да белсенділігі жоғары.
Айсұлу волейболды отырып ойнау спортымен 6 жылға жуық уақыт айналысып келеді. 2011 жылы жол апатына ұшырап, 2 аяғынан айырылған. Бірақ қайсарлық танытып, 1 жыл өткеннен кейін протезге тұрып, спортқа көңіл бөлемін деп шешіпті.
Айсұлу Сүлейменова, параспортшы:
- Отырып ойнау волейболына қатысамын. Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысымын. Жақында Азия чемпионаты Қазақстанда болды. Сонда қатыстық. 2017 жылдан бастап волейболмен айналысамын.
Одан бөлек, жүгіру спортымен де айналысады. Аптасына 3 рет тұрақты түрде жаттығу өткізеді. Алдағы ел чемпионатына, халықаралық жарыстарға қатысуға ниетті. Жалпы спорт физикалық қана емес, адамның эмоционалдық көңіл күйіне оң әсер етеді. Сол себепті спортпен үнемі шұғылдануға тырысамын дейді.
Айсұлу Сүлейменова, параспортшы:
- Жаттықтырушым қатты уайымдады. Мен тәжірбиесінде бірінші адам болып тұрмын. Дайындық қызу жүріп жатыр. Жүгіру спортымен 2023 жылдан бастап айналысамын. Мен волейбол мен жүгіруді бірге алып жүрмін.
Бүгінгі күннің батыр қызы әлеуметтік желілерде белсенді. Жақын арада оқырмандарына 2 тілде психологиялық вебинар өткізуді жоспарлап отыр. «Басты мақсатым – адамдардың өмірінде қандай қиындықтар, сынақтар болса да, одан сүрінбей өтуге, байсалды болуға үйрету», - дейді.
Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Наурызбай Құрманғазы.