Еліміздің бочча құрамасы алғаш рет халықаралық жарысқа қатысады
Қазақстандық бочча құрамасы алғаш рет халықаралық жарысқа қатысады.
Қазір тамызда Польшада өтетін додаға қызу дайындық жүріп жатыр. Паралимпиадалық жаттығу орталығына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы барып спортшылармен кездесті.
Оқу-жаттығу жиынына оңтүстіккореялық бапкер Чоль Хён Квон шақыртылған. Сондай-ақ, қазан айында құраманың бес спортшысы Азия параойындарына қатысады. Айта кету керек, бочча спорты тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдар тарапынан зор қызығушылыққа ие. Қазақстандық құрама былтыр құрылған. Командаға өткен жылғы чемпионат жеңімпаздары тартылған. Басты шарттардың бірі – спортшының жасы 15-тен асқан болуы керек.
Диана Молдахметова, боччадан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Ең бастысы, бұлардың өмірге деген қызығушылықтары артып жатыр. Содан кейін физикалық мүмкіндіктері артып жатыр. Мысалы, күштері көбейіп жатыр, дәлдіктері, концентрациясы дегендей, осы қасиеттері дамып келе жатыр. Бірінші жарысымызға барайын деп жатырмыз. Бірақ балалардың көздерінде от бар, жанып тұр. Жеңіске деген ұмтылыстары жоғары.
Асыл Әміров, боччадан ұлттық құрама мүшесі:
- Травма алғаныма бес жыл болды ДТП-дан кейін. Үйде жатпай енді, социализация дегендей. Содан осы боччаға, өзіме қатты ұнайды. Және де сол бочча біздің ойлау қабілетін жаттықтырады, дене шынықтыру сияқты ғой. Үйде жатқанша.