Әлем чемпионаты. Қазақтың қос қызы тағы да финалда

Әлем чемпионаты. Қазақтың қос қызы тағы да финалда

Садуакасова – әлем чемпионы.

Әзербайжан астанасы Баку қаласында нысана көздеуден дүниежүзілік дода жалғасып жатыр.

Жарыстың кезекті күні ерекше жағдай орын алды. Бұның алдында 10 метрден жылжымалы нысананы көздеу бәсекесі өтіп, қазақстандық Зухра Ирназарова бірінші, ал Александра Садуақасова екінші орын алған еді.

Енді 10 метрден құбылмалы жылжымалы нысананы көздеуде, керісінше, Александра бірінші, ал Зухра екінші сатыға тұрақтады. Осылайша қазақтың қос қызы әлем чемпионатынан бір алтын, бір күмістен жеңіп алды.

Александра Садуақасова, нысана көздеуден әлем чемпионы:

- Алдыңғы жарыстан кейін өз-өзіме келіп, барынша сабырлы өнер көрсетуге тырыстым. Бұл жолы тағы да Зухра екеуіміз бас жүлдені сарапқа салдық. Нәтижесінде менің көрсеткіштерім жоғары болды. Чемпион атанғаныма өте қуаныштымын.

Айта кету керек, ұлттық құрама қоржынындағы медальдар саны бесеуге жетті. Бұның алдында Мария Дмитриенко мен Даниил Почивалов та стенд атудың трап бағытында аралас жұптық сынға қатысып, қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Жерлестеіміздің осы жетістіктерді тағы қайталайтын мүмкіндігі бар. Өйткені, әлем чемпионаты 1 қыркүйекке дейін жалғасады.

Байрақты бәсекеге 101 елден 1200-ге жуық спортшы қатысып жатыр.

Наталья Юнусметова, Ұлттық құраманың аға бапкері:

- Ұлттық құраманың қыздары ел абыройын асқақтатып, екі мәрте әнұранымызды шырқатты. Қай-қайсы да қойылған тапсырманы бұлжытпай орындады. Керемет нәтиже тіркеді. Алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге қол созамыз. Осы мақсатта кейбір қателіктермен жұмыс істеп, шеберлікті шыңдай түсу керек.