Қытайдағы Азия ойындарында алғашқы медальдар сарапқа салынады

Бүгін алғашқы медальдар сарапқа салынады.

Қытайдың Ханджоу қаласында Азия ойындары ресми түрде басталды. Биылғы байрақты бәсекеге 45 елден 13 мыңға жуық спортшы жиналды. Күні кеше еліміздің атынан аттанған спортшылармен спортқа жауапты министр жолықты.

Ханджоу қаласында қазір қызу қарбалас. Бұнда Азия құрлығының түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар өзара мықтыны анықтауда. Жарыстың ашылу салтанаты қарсаңында еліміздің Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев олимпиадалық қалашыққа арнайы келіп, ұлттық құрама мүшелерімен жолықты. Одан кейін спортшыларымызды орналастыруға, тамақтандыруға, логистикаға және басқа да мәселелерге жауапты жедел штабтың жұмысымен танысты. 

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт  министрі:

- Командамыздың едәуір бөлігі келіп, осы ауылға орналасты. Мемлекет жағынан үлкен қолдау жасалды. Жігіттерге абырой мен жеңіс тілеймін. Ел, халық үміттеніп күтіп отыр.

Ал Азия ойындарының ашылу салтанаты Ханджоу төріндегі «Үлкен лотос» аренасында өтті. 80 мың көрермен сыятын спорттық кешен жергілікті тұрғындар мен қонақтарға лық толды. Қазақстанның туын алып шығу құрметі боксшы Асланбек Шымбергенов пен  жеңіл атлетика өкілі Надежда Дубовицкаяға бұйырды. Артынша 3 бөлімнен тұратын театрландырылған көріністер қойлды. Айтпақшы, бұл жолы әдеттегідей отшашу болған жоқ. Оның орнына цифрлық нұсқасы қолданылды. 

Несіп Жүнісбай, спорт журналисі:

- Азия деген әлемдегі үлкен аумақ.Үлкен құрлық. 45 мемлекетіміз бар. Әлемдегі халықтың көп бөлігі осында тұрады. Сондықтан да бұл елдің спорттық жарыстары кереметтей бәсекеге толы болып жатады. Міне, Қытайдың Ханджоу қаласында Азия ойындары енді сәлден кейін басталғалы тұр.  

Азия ойындарының алауын жағуда да ерекше технология пайдаланылды. Яғни, аренаға жиналған жұрт оның онлайн және оффлайн үлгіде жүзеге асқанының куәгері болды.

Аслан Қаженов, тілші:

- Сонымен Ханджоу қаласындағы Азия ойындары ресми түрде басталды. Енді бұл қалада үш апта бойы қызу жарыстар өтеді. Ертең алдымен бокс шеберлері, күрес шеберлері бәсекеге араласады. Бас-аяғы қазақстандық спортшылар 30 спор түрінен сынаға түседі. Ал біз тұрған аренада жеңіл атлетика бойынша негізгі бәсекелер ұйымдастырылады. Азия ойындары 9 қазанға дейін жалғасады. Сәйкесінше, сол кезде жалпы нәтиже белгілі болады. Айта кетейін, біз осыдан төрт жыл бұрын Индонезияның Джакарта қаласында өткен байрақты бәсекеде 9-орынға тұрақтадық. Ал бұл жолғы мақсат содан сатып түсу, мүмкіндіак болып жатса алдыңғы бестікке кіру. Міне енді спортшылар осы үмітті ақтайды деп сенеміз. Сәттілік бәріне.

Аслан Қаженов