Бүгін Финляндия-Қазақстан матчы өтеді

Бүгін Финляндия-Қазақстан матчы өтеді

Құрамада өзгерістер болады. Жоспарды да жаңадан дайындадық. Ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев кезекті кездесудің алдында осындай пікір білдірді.

Бүгін Еуропа чемпионатына іріктеу аясында Қазақстан мен Финляндия құрамалары жолығады.

Айта кету керек, алдағы матч қос команда үшін де аса маңызды. Өйткені екеуінде де 12 ұпайдан бар. Топтық тізімнің үшінші және төртінші сатыларында тұр. Сәйкесінше жеңіске жеткен тарапқа құрлықтық додаға шығу мүмкіндігі ашылады. Қазір ел намысын қорғайтын жігіттер Хельсинки қаласына жетіп, ойын алдындағы жаттығуды пысықтап жатыр. Матч елорда уақытымен 22:00-де басталады.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстан мен Финляндия құрамалары өзара 5 мәрте кездескен және 5-еуінде де скандинавтықтар жеңіске жеткен. Алдағы матчта осы сәтсіздіктерді ұмытып, жаңа деммен жасыл алаңға шығамыз, - дейді бас бапкер.

Магомед Адиев, ұлттық құраманың бас бапкері:

- Бірер күн бұрын Дания құрамасынан ұтылдық. Оның алдында сенсациялық жеңістерге жеттік. Бірақ жігіттерге үнемі айтамын, барлығын ұмытып, алдағы матчқа тың серпінмен қатысу қажет. Кәсіпқой спортта эмоцияға жол жоқ. Әсіресе алдағы матчта алаң иелері барын салары анық. Біз де қарап қалмаймыз. Арнайы жоспар құрдық. Құрамада да өзгеріс болады. Жігіттердің бабы жақсы және жауапкершікті де түсініп тұр.