Ә. Смайылов Азия Пара ойындарының жеңімпаздарымен кездесті

primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Ханчжоуда өткен төртінші Азия Пара ойындарының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спортшыларға Мемлекет басшысының алғыс хатын оқып, жарқын жеңістерімен құттықтады. Әлихан Смайылов: Сіздердің әрқайсыларыңыздың өмір жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін шеберліктің, батылдықтың, сондай-ақ табандылықтың үлгісі, - деді. Жетістікке жету жолында паралимпиадашыларға қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар да ерекше құрметке лайық.

Бұл додада 131 параспортшы ел намысын қорғап, жалпы саны 41 медаль ұтты. Оның 8-і – алтын, 12-сі – күміс, 21-і – қола медаль. Біздің құрама ойынның жалпы есебі бойынша 11-ші орыннан көрінді.