«Қабірхан» ең әйгілі аламанға қатысады
Қабірхан атты сәйгүлік әлемдік бәйгеде тағы да олжа салды.
Дубайда өткен Аль Мактум челленджінің алғашқы топтық жарысында қазақ тұлпары мәреге бірінші боп келді. Атап өткен жөн, қазақстандық тұлпар жыл басында Араб Әмірліктерінде өткен гандикап жарысында да бас жүлдені иеленген болатын.
Бұл Қабірханның Дубайдағы Мейдан ипподромын дүбірлетіп, 11 қарсыласын шаң қаптырып, мәреге жеткен сәті. Жарысқа әлемнің үздік арғымақтары қатысты.
Қабірханның иесі Тілек Мұқанбетқалиев аттың жайымен бала күнінен жақсы таныс. Әсіресе, соңғы 5 жылға жуық уақыт арғымақ баптаудың қыр-сырын терең меңгеріп алған. Сәйгүлік 9 рет үлкен жарысқа қатысып соның сегізінде мәреге бірінші келген.
Тілек Мұқанбетқалиев, атбегі
- Тарихта бірінші рет мына Аль Мактум челлендж бірінші группаны жеңіп жатқаны. Ол - Қазақстанның жеңісі, қазақ елінің жеңісі. Алла жазса, финалға «Кубок Дубая» ойындарына қатысамыз. Әкесі Дубай кубогін ұтқан 2016 жылы. Соны жалғастырады деген ойымызда бар. Соны асып кетеді деген ойымызда бар. Қазақ елі, алға!
Жүйрік бұған дейін екі жыл қатарынан Қазақстан мен Ресейде өткен беделді ат бәйгелеріне қатысқан. Таза ағылшын тұқымды, төрт жастағы жануардың қазіргі жаттықтырушысы Дуг Ватсон. 30 жылдан бері сәйгүліктерді баптайтын кәсіби маман Қабірханның әлі талай жеңіс әкелеріне сенімді.
Дуг Ватсон, ат бапкері
- 30 наурыз күні болатын басты ат шабысына Қабірханды жақсылап дайындап аламыз. Одан бұрын да өтетін жарыстарға қатыса алады. Бірақ, біз бірінші кезекте жарысты емес, жылқының күйіне, дайындығына қараймыз.
Бибігүл Нысанбаева, тілші
- Dubai World Cup - 27 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан беделді, дәстүрлі жарыс. Ұшқыр аттарға қойылатын талап өте жоғары, жүлде де қомақты. Бас бәйгеге 12 млн АҚШ доллары тігіліп отыр. Оған таңдаулы 16 арғымақ қатыспақ. Ат жарыс 30-шы наурызда Дубайда өтеді.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Төлеуіш