Жамбыл облысында 13 спорт кешені пайдалануға беріледі
Биыл Жамбыл облысында 13 спорт кешені пайдалануға беріледі.
Бір қуантарлығы, заманауи кешендер бұған дейін спорт ғимараты болмаған ауыл-аймақтар мен тұрғын үй маңында салынбақ. Солардың бірі бүгін Тараз қаласының шеткері аумағында ашылды.
Тараз қаласының құрамындағы Құмшағал алқабында 5 мың тұрғын бар. Бірақ осы уақытқа дейін тұрғын үй алабында спорт кешені болмады. Балалар күрес, бокс сынды спорт секцияларына қатысу үшін Тараз қаласына баратын. Ал шағын футболмен айналысатын ауыл балалары қысы-жазы ашық алаңдарда жаттықты.
Мирас Серік, жас спортшы:
- Жабық аулалар болмады футзалдар. Біз ашық алаңдарда, жарыстарға да бізде дайындалу қиын болды. Қыста әсіресе күзде жаңбырда. Суда аяғымыз тайып көбісі қолын шығарып қиын болды. Ағайларымыз қанша осы футзал болмаса да бізді дайындады. Көптеген жеңістерге жеттік командамызбен.
Жас спортшылар енді барлық жағдайы жасалған жылы нысанда жаттығады. Ауқымды спорт кешенінің ашылуы тек құмшағалдықтарды емес, маңында орналасқан Қызылабад пен Химик тұрғындарын да қуантты. Себебі ол жақтың балалары да осы кешенге келеді. 45 жылдан бері дзюдодан балаларды жаттықтырып жүрген Ахмет Жұмағұл ғимаратқа жақсы бағасын берді. 70-ті алқымдаған бапкер Ғалымжан Жылгелиев, Елдос Сметов, Жанаділ Есбергенов сынды Әлем, Азия чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлерін жаттықтырған. 5 мыңнан аса баланы күреске баулыған бапкер «спорт нысандары ауылдық жерде көптеп салынса», - дейді.
Ахмет Жұмағүл, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы:
- Мұндай спорт кешені ашылу керек. Кез келген ауыл болсын кез келген жерден ашылу керек. Белгісіз балалар көп ауылдық жерде. Менің өзім жаттықтырғанда әрбір жерлерде жүрдік қой. Ол кезде спорт залы да болмаған. Үйлердің астында подвалдарда жұмыс істегенбіз. Енді оның қарғанада мына жерден мықты балалар шығады. Жақсы тренер болу керек, ерінбеу керек, жалқау болмау керек.
Оксана Борисюк, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Спорт-сауықтыру кешені 500 орынға арналған. Мұнда жаттықтырушылар балаларды; футзал, баскетбол, волейбол, қазақ күресі, самбо, дзюдо, бокс, кикбоксинг секілді спорттың 8 түріне баулитын болады. Спорт ғимаратында жаттығу залы, 2 бокс рингі мен күрес кілемдері бар. Душ пен жеке жаттықтырушылар бөлмелерімен де қамтылған.
Облыстың спорт саласын дамытуға өткен жылы 14,2 млрд теңге бөлінген. Былтыр 22 спорт кешенінің құрылысы басталып, 9-ы пайдалануға берілді. Қалған 13 ауылда салынып жатқан нысандар ағымдағы жылы аяқталмақ.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә