Елена елең еткізді
Мажарстан астанасы Будапешт қаласында көркем гимнастикадан Грация Файр Кап халықаралық турнирі өтті.
Осы сында Қазақстан құрамасы 4 алтын 1 күміс және 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Жекелей сында Айбота Ертайқызы мен Эрика Жайлауова алтыннан алқа тақты. Көпсайыста Айбота күміс, Жайлауова қола жүлде иеленді.
Рыбакина Азаренконы жеңді
Дубай қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы турнир өтіп жатыр.
Қазақстандық Елена Рыбакина жарысқа екінші айналымнан араласты және ә дегеннен әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Виктория Азаренкомен жолықты.
Алғашқы сәтте Беларусь өкілі 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші кезеңде Елена тегеурінді қарсылық танытып, 6:2 есебімен басым түсті. Кейін Виктория жарысты жалғастырудан бас тартты.
Осылайша қазақстандық теннисші плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұған қоса, Елена Рыбакинаға рейтингтік 120 ұпай қосылады. 36 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі. Аталған көрсеткіштерді еселеп арттыруға болады. Ол үшін жерлесіміз алдағы мачтарда да жеңіс жолын жалғастыруы қажет.
Елена Рыбакина келесі айналымда әлемнің 53-ракеткасы, польшалық Магдалена Фрешпен кездеседі. Дубайдағы турнир 25 ақпанға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 3 миллион 200 мың доллар.
Тарихи нәтиже
Қазақстан құрамасы алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионатының плей-оффына шықты.
Дүниежүзілік дода Оңтүстік Кореяның Пуссан қаласында өтіп жатыр. Оған 40 елден 2 мыңға жуық спортшы жиналды.
Олимпиада ойындарына жолдама үлестіретін жарыс болғандықтан бәсекелестік өте жоғары. Кирилл Герасименко бастаған қазақстандық жігіттер алғашқы күндері Сауд Арабиясы және АҚШ командаларынан басым түсті. Кейін Англияға және Германияға есе жіберді.
Осылайша топтық кезең қорытындысы бойынша 2-сатыға жайғасып, жарысты жалғастыратын 24 команда қатарына кірді. Егер ары қарай да сәтті өнер көрсетіп, ширек финалға шығып жатса, теннисшілеріміздің Париж олимпиадасына жолы түседі. Бұған қоса, Қазақстанның қыздар командасы да әлем үздіктерімен бәсекеге түсті. Әзірге Австрия мен Гонконг құрамаларына жол берді деген ақпаратты алдық. Жарыстың барысын алдағы уақытта жіті бақылап, тұрақты жаңалық таратып тұрамыз.
Ел үздіктері елордаға жиналды
Қазақтың «қара майоры» атанып кеткен Борис Керімбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир басталды.
Айта кету керек, ауған соғысының ардагері құрметіне алғаш рет осындай жарыс өткізіліп тұр.
Жасөспірімдер арасындағы бәсекеге 12 өңірден 250-ден аса қатысушы келді. 17 жасқа дейінгі өрендер10 салмақта өзара мықтыны анықтайды. Жарыс 2 күнге жалғасады.
Дәл осы жас деңгейінің таңдалуы бекер емес. Тура бір айдан кейін Қаскелең қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді және алдағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады. Осы тұрғыда жасөспірімдер арасындағы жарысты жиі өткізіп, балалардың шеберлігін шыңдай түсу аса маңызды дейді басы-қасындағы мамандар.
Алмат Кебісбаев, әлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері
Әділ Әлжекеев, №3 олимпиадалық резерв мектебінің аға бапкері
Аслан Қаженов, "24.KZ"