Стенд атудан ел үздіктері анықталды

2 алтын және 3 қола. Қазақстандық каратэшілер Түркиядағы әлемдік аламаннан осындай олжамен оралды.

Анталья қаласындағы жарысқа дүниежүзілік рейтинг бойынша әр салмақтағы алдыңғы 32 спортшы ғана қатысуға мүмкіндік алды. Яғни 60 елден 400-ге жуық жапон жекпе-жегінің шебері жиналды. Олардың арасында 14 ұлттық құрама өкілі бар. Қазақстандық спортшылар ішінен Мөлдір Жаңбырбай мен Бэлла Самашева барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Бұған қоса Токио Олимпиадасының жүлдегері Софья Берульцева қола жүлде еншіледі. Ол тек жартылай финалда германиялық Книр Йоханнаға ғана есе жіберді. Ал ақтық сында англиялық Софья Рошель Уолтерстен басым түсті. Есеп: 8:6.

Тағы бір қоланы Азия ойындарының қола жүлдегері әрі Азия чемпионы Әсел Қанай жеңіп алды. Ерлер арасында қазақстандық Нұрқанат Әжіқанов сәтті өнер көрсетіп, өз салмақ дәрежесінде үздік үштікті түйіндеді.

 

Жалпы есепте бірінші орындамыз  

8 боксшымыз финалға шығып, төртеуі жеңімпаз атанды. Сербия астанасы Белград қаласында бокстан дәстүрлі Бранко Пешич мемориалы мәресіне жетті. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері 4 алтын мен 4 күміс жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орынға шықты. Атап айтар болсақ, жеңіл салмақтардағы Ернұр Қайрат пен Санжар Тәшкенбай қарсылас шақ келтірмеді. Бұған қоса 54 келіде Дәулет Молдашев, 75 келідегі Диас Молжігітов алтын жүлде жеңіп алды. Ал орта және ауыр салмақтағы боксшыларымыз ақтық сында ғана есе жіберіп, күміс жүлдеге қол созды. Атап айтқанда, Сабыржан Аққалықов, Ерасыл Жақпеков, Данияр Рақымбердиев және Олжас Боқаевтар жеңіс тұғырына көтерілді. Өкінішке қарай, екі боксшымыз іріктеу кезеңінен аса алмады. Әсіресе 63,5 келі салмақ дәрежесіндегі Ерасыл Таңқай армениялық боксшыдан жеңілді. Ал Темірлан Мұқатаев алғашқы айналымда былтырғы әлем чемпионы, ресейлік Шарапутдин Атаевтан ұтылды.

 

Стенд атудан ел үздіктері анықталды   

Ел үздіктері Шымкентке жиналды. Бұнда стенд атудан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Кубогы мен Қазақстан чемпионаты параллель ұйымдастырылды. Байрақты бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сонымен қатар Алматы, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарынан 160-тан аса спортшылар қатысты. Бас-аяғы 10 өңірдің сұрмергендері жиналып, 1 апта бойы өзара мықтыны анықтады. Жарыстар жекелей, командалық және аралас форматтарда өтті. Нәтижесінде жалпы есепте жергілікті спортшылар ең жоғары ұпай жинап, топ жарды. Екінші орында Алматы қаласының құрамасы болса, Павлодардан келген қыз-жігіттер үздік үштікті түйіндеді. Жарыс қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен спортшылардың ішкі рейтингі жасалды. Енді олардан ұлттық құрама жасақталып, алдағы халықалық жарыстарға дайындықты бастайды.

 

Қазақстан әлем кубогін қабылдайды  

Қазақстан әлем кубогын қабылдайды. Стенд атудан 2026 жылғы дүниежүзілік дода Шымкент қаласында өтеді. Мұндай шешімді спорттық ату түрлері бойынша Азия конфедерациясы шығарды. Халықаралық ұйым мамандары еліміздегі спорттық инфрақұрылымдарға сараптама жүргізіп, нәтижесінде Шымкент және Алматыдағы жарыс алаңдарын барлық талапқа сай деп таныды. Ал 2026 жылғы лицензиялық әлем кубогын Шымкентте ұйымдастыру жөнінде тоқтамға келді.

Айта кету керек, мұндай деңгейдегі жарыс елімізде алғаш рет өткізілгелі отыр. Бұған дейін Шымкентте тапаншамен және винтовкамен атудан Азия чемпионаты болды. Ал 2025 жылы стенд ату шеберлері арасында да дәл осындай жарысты өткізу жоспарланып отыр. Құрлықтық додаға 2500-ге дейін спортшы қатысып, 35 бағыт бойынша өзара мықтыны анықтайды. Ал 2026 жылы жоғарыда айтқан әлем үздіктерінің аламаны болады. Бұған қоса Алматы облысындағы стенд ату алаңында алдағы күзде Азия Кубогы өтуі керек. Бұл бәсеке де ресми түрде күнтізбеге бекітіліп, қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мұның барлығы еліміздегі ату спорттарының дамуына ықпал етіп, кәсіпқой спортшыларымыздың шеберлігін шыңдауға айтарлықтай  көмектеседі, – дейді отандық мамандар.