Қара жердің қайығы. Алматылық рекорд орнатпақшы

Алматы облысының тумасы Евгений Голяткин Гиннестің рекордын жаңартуды жоспарлап отыр.

Ол «құрғақ есуден» әлемдегі ең мықты адам болғысы келеді. Бұған дейін досымен бірге Қазақстан рекордын орнатқан болатын.

«Құрғақ есу» дегеніміз - арнайы құрылғыда жасалатын спорттық жаттығудың түрі. Кәдімгі ескек есудің баламасы.

Қазір Евгений тыңғылықты дайындалып жүр. Алғашында 40 минуттан бастаған ол, бүгінде 6 сағатқа дейін тоқтаусыз жаттығып, 77 шақырымды бағындырыпты. Евгений Голяткин осы сенбіде Гиннестің тәуелсіз сарапшылары мен Қазақстан рекордтар кітабы өкілдерінің алдында бақ сынайды. Ол 12 сағатта 150 шақырымды бағындырса ғана әлемдік рекордты жаңартады.

Евгений Голяткин, рекордшы:

- Құрғақ ескекті есу кезінде аяқ, арқа және қолға көп күш түседі. Бірақ дененің өзге мүшелері де шынығады. Мен рекорд орнату кезінде уақытты үнемдеп отыруым керек. Өйткені тамақтану мен массажға да уақыт қажет. Жоспар бойынша орта есеппен бір шақырымды 4 минут 30 секундта бағындыруым тиіс.