Париж олимпиадасының чемпионы 210 млн теңге алады
Күні кеше Қазақстан бокс федерациясының басшылығы лицензия алған спортшылармен және бапкерлерімен кездесті.
Рекордтық деңгейдегі сыйақы тағайындалды
210 миллион теңге. Париж олимпиадасында чемпион атанған боксшыға осынша сыйақы табысталады.
Күні кеше Қазақстан бокс федерациясының басшылығы лицензия алған спортшылармен және бапкерлерімен кездесті.
Оның барысында алдағы жазғы ойындардың жүлдегерлеріне арналған сыйақы көлемі жарияланды.
Атап айтар болсақ, алтын жүлде иесіне 220 мың доллар яғни 98 миллион теңге берілмек. Бұл тек қана қазақстандық федерация тағайындаған сыйақы. Бұған қоса, мемлекет тарапынан берілетін 250 мың доллар яғни 111 миллион теңге тағы бар. Екеуін қосқанда жазғы ойындардың жеңімпазы 210 миллион теңге алады.
Бұған қоса, Қазақстан бокс федерациясы екінші орынға 120 мың, ал үшінші орынға 70 мың долар береді. Тіпті 4-ші және 5-орын алған спортшыларға дейін қолдау қарастырылған.
Сонымен қатар бапкерлері де назардан тыс қалмайды. Яғни олар өз шәкірті сыйақысының 30 процентіне пара-пар қаржылай төлем алады.
Айта кетейік, қазір ұлттық құрама қоржынында 7 лицензия бар. Оның алтауын ерлер, біреуін қыздар жеңіп алды.
Лицензиялық жарысқа кім қатысады?
Бірер күннен кейін елордада олимпиада жолдамасына таласатын боксшылар анықталады.
Яғни лицензиялық жарысқа аттанатын спортшылар арасында сппаррингтік кездесулер ұйымдастырылады. Осы орайда шаршы алаңға шығатын былғары қолғап шеберлері қызу дайындалып жатыр.
«Бұл бәсеке бәріміз үшін жақсы мүмкіндік. Жанкүйерлер үшін де, боксшылар үшін де әділетті шешім болары сөзсіз», - деді ұлттық команда өкілі Ертуған Зейнуллинов Olympic.kz порталына берген сұхбатында.
Ол бұндай форматтағы жарыс болатынын күтпеген. Десе де жаттығу жоспарын өзгертіп, кешенді дайындыққа кіріскенін жеткізді. Ертуған 63,5 келіде өнер көрсетеді.
Ерлер арасындағы бәсекеде аталған салмақта ғана жолдамамамыз жоқ. Осыған байланысты Ертуғаннан бөлек, Астанаға Дулат Бекбауов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Серік Теміржанов, Жандос Қыдыралиев және Төрехан Сабырхан келіп, өзара мықтыны анықтайды.
Дәл осылай қыздар арасында да бірнеше салмақта сппарингтік кездесулер өткізіледі. Айтулы айқастар 8 және 10 сәуір аралығында болады деп жоспарланып отыр.
Шәміл Сафиуллин қызметінен кетті
Бокстан Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері ауысты.
Айта кетейік, бұрымды былғары қолғап шеберлерінің көрсеткіші кейінгі кезде төмендеп кетті. Қазір ұлттық құрама қоржынында 1 ғана лицензия бар. Оны былтырғы Азия ойындардарында 57 келідегі Карина Ибрагимова иемденді. Қалған салмақтарда жолдамаға қол жеткізе алмай жүрміз.
Бірер апта бұрын Италияда өткен лицензиялық турнирден әйелдер құрамасы құралақан қайтты. Бұл жағдай бокс жанүйерлері тарапынан қатты сынға алынған еді. Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы бұрынғы бапкер Шәміл Сафиуллиннің орнына жас маман Елдос Сайдалинді әкелді.
Кейінгісі 2020 жылдан бері жастар және жасөспірімдер құрамасының аға бапкері болды.
Алда бір ғана лицензиялық турнир қалды. Атқаратын жұмыс көп. Жауапкершіліктен қашпаймын. Бар күшімізді салып, соңғы жарыста көп жолдама алуға тырысамыз, - деді Елдос Сайдалин Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын соңғы жарыс мамыр айында Тайландта өтеді.
Б. Саттарханов атындағы Халықаралық турнир
Ал Түркістан қаласында бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды.
Бұл cында былтырдан бері бұрымды боксшылар да бәсекеге түседі.
Жарыстың ашылу салтанатына Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов пен Бекзаттың анасы Сырлыгүл Шойбекова қатысты.
Саттарханов көзі тірі болғанда биыл 44 жасқа толар еді. Ел намысын абыроймен қорғаған боксшыны халық жадында мәңгі сақтау үшін халықаралық турнир жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл 22-мәрте өтіп жатыр.
Саттарханов турнирі елімізде жастар арасындағы ең ірі жарыс саналады. Финалдық жекпе-жектер Бекзаттың туған күні 4 сәуірде өтеді.
Дәурен Тәңірбергенов, олимпиада ізбасарларын дайындайтын спорт мектебінің директоры:
- Осы жарыста қанша баламыз спорт шебері атағын қорғап, ересектер арасында да түрлі деңгейдегі жарыста жеңімпаз болып, олимпиадаға қатысушы болып жатқан жағдайымыз бар. Алдағы уақытта осы жастар арасынан келесі 2028 жылғы олимпиадаға талай үміткерлер шығады деген ойдамыз.
Аслан Қаженов, 24.KZ