Әлемдегі спорт журналистері бас қосты
Испанияның Санта Сусанна қаласында спорт басылымдары халықаралық қауымдастығының 86-конгресі өтті.
Оған қазақстандық делегация да қатысты. Іс-шара барысында біздің тарап биыл күзде Елордада ұйымдастырылатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасын таныстырды.
Бұл конгресс журналистер ортасында "спорт басылымдары арасындағы БҰҰ-ның бас ассамблеясы" атанып кеткен. Биыл жүз жылдығын атап өтіп отыр. Ұйымға әлемнің 100-ден аса елінің 8 мыңдай өкілі кіреді. Бұл жолғы іс-шара барысында Қазақстан делегациясы қатысушыларға 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын таныстырды.
Ілияс Омаров, AIPS ASIA атқарушы комитетінің мүшесі:
- Жураналистер жылына бір рет бас қосып, саладағы ең маңызды мәселелерді талқылайды. Конгресс түрлі елдерде өтеді. Ұйымдастырушы мемлекет өз тәжірибесімен бөліседі. Бір айта кетерлігі – іс-шара әдетте әлем елдерінің астанадарында емес, өзге қалаларында өтеді. Осылайша оларға бүкіл әлем назары ауып, спорт журналистикасының дамуына өз септігін тигізеді.
Біздің делегация бұл ойындардың басты мақсаты – әлемдік этноспорт қозғалысын дамыту, жаһандану заманында тарихи-мәдени мұраны сақтап қалу, халықтар арасында дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайту екенін түсіндірді. Қатысушыларға Қазақстан билігінің бұл іс-шараға ерекше мән беретіні де айтылды.
Амджад Малик, AIPS ASIA бас хатшысы:
- Ең алдымен мына әдемі шапан үшін алғыс айтамын. Қазақстандық делегация – біздің ұйымның ең үздік мүшелерінің бірі. Сіздер Азияда спорт журналистикасының дамуына көп үлес қосып отырсыздар. Мен Астанадағы чемпионатқа барғам. Қазақстан – спортты сүйетін мемлекеттің бірі. Ел билігі оған барынша демеу көрсетеді. Біз де Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынындарын қолдауға әзірміз.
Асхат Жақаев, SPORT PLUS QAZAQSTAN телеарнасының директоры:
- Біздің кәсібіміз үшін мұндай кездесулердің пайдасы зор. Бұл өзіндік цифрлық көрме десек те болады. Мұнда саладағы соңғы жаңалықтар талқыланады. Сондықтан біздің Қазақстан делегациясы мұндай іс-шаралардан қалмай, міндетті түрде қатысу керек деп санаймын.
Конгресс қатысушылары айтылғанның бәрін зор ықыласпен тыңдап, су тасқынына байланысты еліміздің халықаралық іс-шаралардан бас тартқанымен, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу туралы бастамасын құптады. Бұл шешім Қазақстан билігінің спортқа зор мән беретінін айқындайды дейді. Осылайша мейлінше көп адам Ұлы даланың көпжылдық мәдениетімен таныса алатынын айтады.
Джованни Мерло, AIPS президенті:
- Қиын кезеңде өзге спорт түрлеріне қатысты әралуан шешім қабылдауға болады. Мысалы, кейінге шегеріп не өткізбеуге болады. Бірақ көшпенділер ойынына келгенде олай істеген дұрыс емес деп санаймын. Өйткені бұл мәдени мұраның бір бөлігі. Сондықтан біз биліктің іс-шараны өткізу шешімін қолдап отырмыз. Мен шақырту алдым. Журналист ретінде маған ойындарды өз көзімен көру қызық, әрине.
Конгресс барысында сондай-ақ жаңа "Спорт плюс Қазақстан" телеарнасының тұсаукесері өтті. Қазақстан делегациясы қауымдастықтың 100 жылдығына орай елімізде жас тілшілер үшін халықаралық семинар ұйымдастыруға әзір екендерін жеткізді.
Жұлдыз Атагельдиева, 24.KZ