Елімізде тағы бір футбол клубы құрылды
«Боруссия» "ПСЖ"-ны жеңді. Бүгін түнде футбол жанкүйерлері тағатсыздана күткен матч өтті.
УЕФА чемпиондар лигасының жартылай финалы аясында дортмундтық «Боруссия» мен париждік "Пари Сен-Жермен" кездесті.
Германиядағы матч 1:0 есебімен аяқталды. Енді қос команда алдағы аптада Францияда қарымта матч өткізеді.
Дәл осы жұпқа параллель финалдың екінші жолдамасын "Бавария" мен "Реал" сарапқа салып жатыр. Олар алғашқы кездесуде тең түсті. Мюнхен қаласындағы матч 2:2 есебімен аяқталды.
Рыбакина Путинцеваны жеңді
Мадрид қаласында WTA 1000 санатындағы теннис турнирі жалғасып жатыр. Жарыстың ширек финалында Қазақстанның қос спортшысы кездесті.
Әлемдік рейтингте 4-ші тұрған Елена Рыбакина мен 50-ші тұрған Юлия Путинцева өзара мықтыны анықтады.
Рейтингтегі дәрежесіне қарамастан мачт аса тартысты өтті. Тіпті бірінші кезеңде Путинцева 6:4 есебімен алға шықты. Екінші кезеңде Рыбакина 7:4 есебімен басым түсіп, жалпы нәтижені теңестірді. Ал үшінші, яғни шешуші кезеңде Путинцева тағы 5:2 есебімен ұтып жатты. Тіпті жеңіспен аяқтайтындай мүмкіндігі де болған. Алайда қарсыласы алдымен таразы басын теңестірді. Кейін жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп: 7:5. Осылайша Рыбакин жартылай финалға шықты.
Келесі қарсыласы әзірге белгісіз. Белгілісі – ресейлік Мирра Андреева, не Беларусь қызы Арина Соболенконың бірі болмақ. Яғни соңғы екеуінің жеңгенімен жолығады. Мадрид қаласындағы жарыстың жалпы нәтижесі 5 мамырда белгілі болады.
Жастар арасындағы Азия чемпионаты
Кемі 7 алтын жеңіп алып, жалпы командалық есепте топ жаруымыз қажет.
Астанада өтіп жатқан Азия чемпионатында ұлттық құрама алдына осындай мақсат қойып отыр. Бұл жөнінде Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Қайрат Сәтжанов мәлімдеді.
Құрлықтық дода өткен аптада басталды. Бүгін, міне, 6 күн бойы жалғасып жатыр. Байрақты бәсекеге 25 мемлекеттен 500-ден аса боксшы жиналған болатын.
Жастар арасындағы жарыс 2 жас деңгейі бойынша ұйымдастырылды. Бас-аяғы 13 салмақтағы медальдер жиынтығы сарапқа салынады.
Әзірге қазақстандық өрендердің аяқалысы жаман емес. Сабырхан Төрехан, Кенже Мұратұлы, Сабыр Ерболат, Ерасыл Таңқай, Бекнұр Батырбек және Сабыржан Аққалықов сияқты спортшыларымыз барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, сенімді түрде келесі кезеңдерге шықты.
Бұған қоса, аға бапкер жастар құрамасының алдағы әлеуеті жайында да айтты. Яғни ересек командаға лайықты ізбасарлар өсіп келеді дейді. Ең бастысы осы резервпен алдағы уақытта дұрыс жұмыс жүргізіп, қарым-қабілетін одан сайын шыңдай түсу керек.
Астанадағы Азия чемпионаты 7 мамырға дейін жалғасады.
Қарағандыда қазақ күресінен Азия кубогы өтті
Биылғы бозкілем бәсекесі Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзовтің жүлдесіне арналды.
«Сарыарқа батырлары» деп айдар таққан жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Моңғолия балуандары келді. Елдегі қазақ күресінің мықтылары да кеншілер қаласына жиналды. Жарыстың ашылу салтанатында белгілі бапкерлер Марат Жақыт пен Диханбай Биткөзов спорт ардагері төсбелгісімен марапатталды.
Азия кубогында Ержан Еренғайыпов пен Жұмажан Қожамбеков және Рузимон Тугушев топ жарды.
66 келіде бас жүлде Өзбекстанға кетті. Мансұр Шырынов қарсыластарын түгел жығып, кубокқа қол жеткізді. Чемпиондар 400 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші, үшінші орын алған балуандар да сыйақы алды.
Мақсат Ахметбеков, Қазақ күресінен аға жаттықтырушы:
- «Сарыарқа батырлары» 2019 жылдан Республикалық турнир болып басталған. Биылғы ерекшелік – әр облыстан бір құрама команда қатысты. Бір салмақта бір баладан және бес мемлекеттен спортшылар қатысты.
Алматыда жекеменшік футбол клубы құрылды
Команда қазақ спорт және туризм академиясының базасында жасақталды.
«КАЗАСТ» деп аталатын ұжымның алға қойған мақсаты бар. Енді футболшылардың доп тебе жүріп, спорт саласында сапалы білім алуға мүмкіндігі бар. Орта мектепті бітірген балалар академияда іріктеуден өтіп, бірінші курсқа қабылданады. Кейін футбол немесе футзал бөлімін таңдап, ел чемпионатына қатысады.
Жаңа команда сапына жастардан бөлек, тәжірибелі ойыншылар да алынды. Аталған клуб Қазақстанның екінші лигасында ойнайды. Олар алғашқы турда «Тұран» жастар командасымен жолығып, 2:1 есебімен басым түсті.
Мұхтар Есқалиев, Қазақ спорт және туризм академиясының проректоры:
- Осы КАЗАСТ клубымыз Қазақстан чемпионатында екінші лигаға қатысып, өз бағымызды сынап жатқан жайымыз бар. Бұл әрине осы оқу процесін, студенттеріміздің теориялық білімін тәжірибеде одан ары шыңдау мақсатында.
Аслан Қаженов, 24.KZ