Қазақстан хоккей құрамасы Польшамен кездеседі
Абу-Даби қаласында өтіп жатқан дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатының бірінші күні аяқталды.
Жарыстың алғашқы күнінде ерлер арасында 60 келі, әйелдер арасында 48 және 52 келі салмақ дәрежесіндегі татами шеберлері бақ сынады. Нәтижесінде 48 келіде белдескен жерлесіміз Абиба Абужақынова қоржынға қола медальді салды. Ол алғашында Түркия, Словакия, Бразилия балауандарынан басым түсті. Ал, жартылай финалдық кездесуде маңғолиялық спортшыға есе жіберді. Дегенмен, қола медаль үшін белдесуде аянып қалмай түрік қызы Тугше Бедерден айласын асырды. Осылайша Абиба екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал қалған спортшыларымыздың жолы болмады. 48 келіде сынға түскен Ғалия Тынбаева 2-ші айналымнан сүрінсе, 60 келіде белдескен Нұрқанат Серікбаев 3 айналымда корей балуанына есе жіберді. Ал 2015 жылы әлем чемпионы атанған Елдос Сметов жүлдеге бір табан жақын қалды. Ол қола жүлде үшін белдесуде жапон балуанына жол берді. Ал бүгін ерлер арасында 66 және 73 келі, әйелдер арасында 57 келі салмақ дәрежесіндегі белдесетін татами шеберлері жүлдені сарапқа салады. Жерлестерімізден 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев, Жанарыс Рахметқали, 73 келіде Данияр Шамшаев, Бақытжан Әбдірахманов, 57 келіде Бақыт Құсақбаева Жарыс жолына шығады.
Теңге ілуден жастар арасындағы 18-ші республикалық чемпионат өз мәресіне жетті. Алматы облысының "Қобыланды" ипподромында өткен турнирге еліміздің 10 облысы мен 2 қаласынан 35 спортшы қатысты. Ат құлағында ойнайтын жігіттер теңге ілудің үш түрі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде «Бес белес» стилінде шымкенттік Ұлағат Амангелді топ жарса, «Қос құлаш» стилінде түркістандық Арнұр Шалхар жеңімпаз атанды. Ал «Жеті құт» стилінде тұғырдың алғашқы сатысынан Мейіржан Жұмаш көрінді.
Нұрәлі Ерсін, Алматы облысының спортшысы:
- "Қос құлаш" стилі бойынша екінші орын алдым. Бұл жарысқа спортсмендер жақсы дайындалған. Қарсыластарымыз өте мықты. Чемпион болуға болатын еді, сәтсіздіктер болды.
Айбек Түркебай, теңге ілу федерациясының атқарушы директоры:
- Қазіргі таңда жастар саны жЫл сайын артуда. Былтыр жалпы саны 25 спортшыдай қатысқан болса, осы жылы жастар арасында 35 спортшы боп тұр. Жалпы саны 75-ке жуық спортшы осы жастар және жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында бақ сынауда.
3-жыл қатарынан өтіп жатқан Ұлы дала жорығы марафон бәйгесінің бірінші кезеңі аяқталды. Павлодардан Астанаға қарай бет алған шабандоздар 500 шақырымның 100 шақырымын енсерді. Сөреден 19 өңірдін командасы шығып, мәреден тек 15 команда өтті. Діттеген жерге алғашқы болып Шығыс Қазақстан облысының командасы жетті. Олар 100 шақырымды 5 сағат 47 минутта желіп өткен. Мәреден екінші болып Маңғыстаудың Көкмойнақ командасы өтсе, Солтүстік Қазақстандықтар үшінші орында. Ал жүйрік мінген аруларымыз 9-шы орында. Айта-кетейік командалар бес күн бойы күніне 100 шақырым жол жүріп өтеді. Әр 50 шақырым сайын командаларға демалуға мүмкіндік беріледі. Аттардың жағдайын тәжірибелі ветеринарлар бақылайды. Барлық қашықтықты ең қысқа уақытта еңсерген команда жеңімпаз атанады. Биыл Ұлы дала жоырығында бірінші келген команда 15 млн теңгені қанжығасына байлайды.
Бақытжан Тұрлыбеков, "Жорық" федерациясының президенті:
- Биылғы жобаның ерекшелігі былтырғымен салыстырғанда биыл 500 шақырым. 22 де білесіздер 1200 болды, 23-те 1300 болды. Биыл 500. Неге 500 себебі біз күзде өтетін халықаралық ұлы дала жорығына дайындалып жатырмыз. Осы жобадан өткен 3 команда халықаралыққа жолдама алады.
Бүгін шайбалы хоккейден әлем чемпионаты элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы жетінші ойынын Польшаға қарсы өткізеді. Ел құрамасы бұған дейін бұл елдің хоккейшілерімен 12 мәрте кездескен. Оның 9-да қазақстандық хоккейшілер жеңіске жеткен. Тек 3 мәрте Польшалықтардың жолы болған. Айта кетейік әлем біріншілігінде жерлестеріміз В тобында Франция, Словакия, Латвия, Швеция, Германия, АҚШ және Польшамен сынға түсіп жатыр. Олар бұған дейін Францияны 3:1 есебімен жеңсе, Словакияға 2:6, Латвияға 0:2, Швецияға 1:3, Германияға 2:8, АҚШ-қа 1:10 есебімен есе жіберді.
Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан Азия Чемпионатында ұлттық құраманың мүшесі Милад Карими жеңімпаз атанды. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Еске сала кетейік, спортшы осыған дейін көпсайыс пен еркін жаттығуда күміс жүлдегер атанған еді. Отандық гимнастшы финалдық жарыста үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді. Азия біріншілігінде күміс пен қола жүлдені қос қытайлық спортшы еншіледі.