Бір қора болып барып, бір қола ғана алып қайтар ма екен?..

Абу-Даби қаласында дзюдодан әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Әлемнің кіл мықтылары жиналған бұл байрақты бәсеке дзюдошылар үшін олимпиадалық рейтингке ұпай беретін соңғы жарыс. Әзірге қоржынымызда жалғыз қоламыз бар. Оны 48 келіде өнер көрсететін Әбиба Әбужақынова жеңіп алған болатын. Ал қалған спортшыларымыздың нәтижесі қалай, жарыстың 3-күніне жерлестерімізден кім шығады?

Әлем чемпионаты: екінші күн сәтсіз аяқталды

Дзюдодан Әлем чемпионатының екінші күні қазақстандық спортшылар үшін сәтсіз аяқталды.

Бозкілемге шыққан 5 отандасымыздың бесеуі де алғашқы қарсыластарынан аса алмады.

66 келіде сынға түскен Ғұсман Қырғызбаев израильдық спортшыға есе жіберсе, дәл сол салмақтағы Жанарыс Рахметқали Франция палуанынан ұтылды.

Ал 73 келіде күрескен Бақытжан Әбдірахманов неміс дзюдошысынан айласын асыра алмаса, жарысты екінші айналымнан бастаған Данияр Шамшаев молдовалық спортшыдан жеңілді.

Сондай-ақ әйелдер арасында 57 келіде сынға түскен Бақыт Құсақбаева әзербайжандық Асель Топрактан ескерту саны бойынша ұтылды.

Жұбаназар күреспейді

Абылайхан Жұбаназар денсаулығына байланысты Әлем чемпионатында күреспейді.

Бұл туралы дзюдо федерациясының ресми өкілі мәлімдеді. Ол біріншіліктегі алғашқы кездесуін чехиялық Адам Копецкийге қарсы өткізуі керек еді.

Айта кетейік, 81 келіде белдесетін Отандасымыз әлемдік рейтинге 10-орында тұр. Ол жыл басынан бері халықаралық 8 додаға қатысты. Оның екеуінде тұғырдың 3-сатысынан көрінді. Ал бүгін жарыс жолына бір ғана қызымыз шығады. 63 келіде өнер көрсететін Есмигүл Күюлова алғашқы айналымда қырғызстандық Адина Қошқонбаевамен белдеседі.

Жорықтың екінші күні аяқталды

Ұлы дала жорығы марафон-бәйгесінің екінші күні аяқталды.

Павлодар мен Астананы жалғайтын 500 шақырымдық жорық күн өткен сайын қызып келеді. Жарыстың алғашқы күні Шығыстың қазанаттары мен азаматттары алғашқы 100 шақырымды бірінші болып кескен еді.

Екінші күнгі нәтиже бойынша кезекті 100 шақырымды 1-болып Алматы қаласы 6 сағат 46 минутта бағындырды. Сондай-ақ Жетісу облысы мен Маңғыстаудың Көкмойнақ командасы үздік үштіктің қатарында. Ал атқа мінген аруларымыз мәреден 4-болып өтті.

Айта кетейік, жорықтың ережесіне сай, командалар әрбір 25 шақырым сайын аттарын суарады, ал 50 шақырымнан кейін 4 сағат дамылдайды, 100 шақырымға келіп түнейді.

Үміт пен күдікті қатар арқалаған шабандоздар, барын салып келеді. Бірақ Алматы облысы, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары сондай-ақ Шымкент қаласының командалары жарыстан шығып қалды. Қалған 15 команда жарыс жолында.

Бақытжан Тұрлыбеков, "Joryq" ат спорты федерациясының президенті:

- Бірінші күні қандай болса, соңғы 2 күн қайталанды бұл аттардың арасында. Қалған уақытта қай команданың әлеуеті қандай екенін кеше бәрін тексеріп шықтық. Бүгін енді байқасаңыздар, тактика жұмыс істеп жатыр.

Бекзат Жақыпов, СҚО командасының шабандозы:

- Біз бүгін старттан 3-болып шықтық. Старттан шығып асықпадық. Асықпай аттардың денесін қыздырдық. Біз қыздырып жатқан кезде 5-6 команда бізден озып кетті. Біз оларға қарамадық, олармен жарыспадық басында. Ақырындап аттардың денесін қыздырып, сосын тренер тактикасымен бір темппен аттарды қойып алып, сөйтіп жібердік.

Хоккей: Қазақстан Польшаны жеңді

Шайбалы хоккейден әлем чемпионатының соңғы турында Қазақстан құрамасы Польшаны 3:1 есебімен жеңді.

Осылайша жерлестеріміз элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды. Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Дегенмен Польша құрамасы сапынан Камиль Валенга 9-минутта қақпадан саңылау тауып кетті. Ал ойынның 12-минутында қазақстандық Никита Михайлис таразы басын теңестірді.

Үшінші кезеңде ел құрамасынан Валерий Орехов 50-минутта, Роман Старченко 54-минутта шайба соқты.

Айта кетейік, біріншіліктегі жеті ойында қазақстандық хоккейшілер 6 ұпай жинаса, польшалықтар небәрі бір ұпайды місе тұтқан.

Денсаулық баспалдағы-2024

Алматыдағы Медеу шатқалында дәстүрлі «Денсаулық баспалдағы» бұқаралық жарысы өтті.

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған биылғы шараға 7 жастан бастап 70-тен асқан қариялар да қатысқан. 

Ардагерлер арасында Сексенбай Желдібаев жиналған жұрттың жағасын ұстатты. Сексеннің сеңгіріне шыққан Сексенбай ата 200 баспалдақты небәрі 21 секундта бағындырыпты.

Ал жас өрендер арасында Қайыр Байсейітов пен Диана Нұрышева топ жарса, 842 баспалдақты 4 минут 28 секундтта жүгіріп өткен Заңғар Әлқожаұлы 29 жасқа дейінгілер арасында жеңімпаз атанды.

Қыздар арасында Дана Қыдырбаева 6 минут 8 секунд нәтижесімен бірінші орынды иеленді.