Спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымы көбейтіледі

Қазақтың асыл тұқымды жылқысын сақтап қалу қажет. Бүгін Мәжіліс қазақы жылқыны сақтау және көбейту туралы заң жобасын қабылдады.

Құжат Парламенттің бір топ депутаттарының бастамасымен әзірленген. Халықтың ұлттық қазынасын дәріптеуді мақсат тұтқан заң мемлекеттік қолдау арқылы отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымын қалпына келтіруді көздейді. Сондай-ақ Қамбар ата тұқымының ерекше қасиеттерін жақсарта түсу қажет, – дейді депутаттар. Мәселен, Қостанай тұқымы 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шыққан. Алайда қазір бұл асыл тұқымның саны 270 бастан аспайды. Ал Адай жылқысының 1300 басы қалған. Аталған заң жобасы арқылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңдарға түзетулер енгізілмек.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-  Егер спорттық мақсатта пайдаланылатын отандық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бойынша бір құжат қабылдамасақ, бабаларымыздың, ғалымдарымыздың көпжылдық еңбегі далаға кетудің аз-ақ алдында тұр. 2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Бұл жағдай – ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторлардың бірі. Осыған байланысты Парламент депутаттары отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады.