Қазақ футболшысына Еуропа клубтары қызығып отыр
Қазақ баласына Еуропа клубтары қызығып отыр. Футболдан ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек қысқы трансфер кезінде команда ауыстыруы мүмкін. 22 жастағы жерлесімізге Испания екінші дивизионындағы және Словакия чемпионатындағы клубтар қызығушылық танытқан. Қазіргі таңда тараптар арасында келіссөздер жүріп жатыр. Қызығы сол, футболшының өзі Испанияға барғысы келеді. Ал словакиялық клуб барынша тиімді ұсыныс жасап отыр. Ғалымжан негізі «Қайрат» футбол мектебінің түлегі. Алматылық командада 2024 жылдың тамызына дейін ойнады. Бертін келе «Жеңіс» және «Мақталар» сапында да доп тепді. Ал қазір Кипрдің «Акритас» командасында ойнап жүр. Биылғы маусымда 13 матчқа қатысып, 5 гол соқты.
Жерлесіміз канадалық клубқа ауысты
Ал хоккейден Қазақстан жастар құрамасының шабуылшысы Никита Ситников канадалық «Коквитлам Экспресс» клубымен келісімшартқа отырды. Бұл жөнінде Telegram арналар жарыса жариялап жатыр. 19 жастағы Никита үшін бұл кәсіпқой мансабындағы маңызды қадам болып саналады. «Никита – өте шебер, жылдам әрі ақылды ойыншы. Бұл қасиеттер біздің лигада үлкен басымдық береді. Жанкүйерлер ойынын қызыға тамашалайды деп сенеміз, болашағына үлкен үміт күтеміз», – деді канадалық клубтың бас менеджері Тали Кэмпбелл. Никита Ситников биылғы маусымды астаналық «Снежный барсы» командасынан бастап, Қазақстан чемпионатының 27 ойынына қатысты. 5 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді. Жалпы саны 11 ұпай жинады. Сонымен қатар Қазақстан жастар құрамасы сапында әлем чемпионатында 5 ойынға қатысып, 1 гол және 1 нәтижелі пас тіркеді. Яғни 2 ұпай еншіледі.
Шевченко алғашқы айналымнан аса алмады
Шевченко алғашқы айналымнан аса алмады. Теннис жанкүйерлері тағатсыздана күтіп жүрген Австралия ашық біріншілігі басталды. Бұл жылдағы басты жарыстардың бірі. Оның аясында бірнеше жерлесіміз өнер көрсетеді. Араларынан ең бірінші болып кордқа Александр Шевченко шықты. Ол ә дегеннен басты фавориттердің бірі, әлемнің үшінші ракеткасы испаниялық Карлос Алькараспен кездесіп, есе жіберді. Қорытынды нәтиже: 6:1, 7:5 және 6:1. Матчтың өзі 1 сағат 54 минутқа созылды. Осылайша Александр Шевченко жарыс жолынан шығып қалды. Ал Алькарас екінші айналымда жапониялық Ешихито Нисиокамен кездеседі. Ерлер арасындағы жекелей сында енді бір ғана жерлесіміз қалды. Александр Бублик. Ол бүгін аргентиналық Франсиско Серундоломен жолығады. Австралия ашық біріншілігінің жалпы қорытындысы 26 қаңтарда белгілі болады.
Рыбакина төмендеді, Путинцева көтерілді
Әйелдер теннисі қауымдастығы соңғы ойындарды саралап, әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес қазақстандық Елена Рыбакина бір саты төмендеді. Яғни 6-шы орыннан 7-ші орынға сырғыды. Еленаның орнына одан бір саты төмен тұрған америкалық Джесика Пегула келді. Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева, керісінше, көрсеткіштерін жақсартып, 25-ші орыннан 23-ші орынға көтерілді. Бұл Юлия үшін кәсіпқой мансабындағы ең үздік көрсеткіш. Қазақстандық теннисші жыл басында Аделаида қаласындағы WTA 500 турнирінде жартылай финалға дейін жетіп, керемет жетістікке жеткен еді. Әлемдік рейтингке қайта оралар болсақ, жарақатынан кейін екі жылдан аса үзіліс алып, жақында ғана кордқа оралған тағы бір қазақстандық Зарина Дияс та рейтингтегі жағдайын жақсартты. Бұл жолы ол 15 сатыға көтеріліп, 366-шы орынға тұрақтады. Ал рейтингтің көшбасшылары өзгеріссіз қалып отыр. Бірінші орында Беларусь өкілі Арина Соболенко болса, үздік үштікті польшалық Ига Швентек пен америкалық Кори Гауфф түйіндеп тұр.
Ерекше форматтағы жаттығу жиыны
Қазақ қыздары қызу дайындыққа кірісті. Бокстан ұлттық құрама өкілдері Алматы облысына жиналып, 2025 жылдағы алғашқы жаттығуларын өткізіп жатыр. Ерекшелігі сол, бұнда бірніші рет ересектер, жастар және жасөспірімдер бірлесе жаттығып жатыр. Яғни бас-аяғы 150 спортшы бар. «Бұл бастаманың пайдасы мол. Жасы кішілер үлкендерге қарап, бой түзейді, тәлім алады. Әйелдер санатындағы спортшыларды да жастардың көз алдында жүруі жігерлендіре түседі. Жас буын ұлттық құрама сапына қосылғанда жатырқамай, тез бой үйретуіне де септігін тигізері анық», – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин. Қазақстан құрамасы үшін жылдың алғашқы жарысы алдағы айларда Кәрі Құрлықта болады. Бұған қоса биыл екі бірдей әлем чемпионаты на қатысады. «2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындықты бастап кеттік. Демек барлық жас дәрежелерінде бұл додаға үміткерлер бар», – деп сөзін түйіндеді бас бапкер.