Australian Open: Елена Рыбакина екінші айналымға шықты
Рыбакина жеңді. Бублик пен Шевченко жеңілді. Мельбурн қаласында теннистен жылдың басты бәсекесі Австралия ашық біріншілігі өтіп жатыр.
Жарыстың кезекті күні қазақстандық спортшылар кордқа шықты. Әсіресе, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингіде 293-ші тұрған 16 жастағы австралиялық Эмерсон Джонспен кездесті. Эмерсон «Үлкен дулыға» турниріне алғаш қатысып тұр. Сәйкесінше, тәжірибелі Елена оны айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 6:1, 6:1. Енді Елена Рыбакина екінші айналымда әлемнің 191-ракеткасы, 17 жастағы америкалық Ива Йовичпен жолығады. Ал, қазақстандық жігіттердің жолы болмады. Александр Шевченко ә дегеннен басты фавориттердің бірі, әлемнің үшінші ракеткасы испаниялық Карлос Алькарастан жеңілді. Ал, Александр Бублик аргентиналық Франсиско Серундолоға жол берді. Австралия ашық біріншілігінің жалпы қорытындысы 26 қаңтарда белгілі болады.
Жәнібек Әлімханұлы наурызда рингке оралады
Жәнібек Әлімханұлы наурызда ринке оралады. Бұл жөнінде Brunch Boxing басылымы мәлімдеді. Әзірге қарсыласы туралы ақпарат жоқ. Белгілісі – Жәнібек Карлос Адамес пен Хамза Шираз жекпе-жегінің жеңімпазымен немесе Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы мүмкін. Қазақстандық кәсіпқой боксшы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақтарына қорғауы қажет. Жәнібектің өзі де бірер апта бұрын алдағы көктемде шаршы алаңға шығатынын жазған болатын. «Көктемде чемпиондық атақтарымды қорғауым қажет. Күзге қарай белдіктерімнің саны үшеуге жетеді», - деді Жәнібек.
Айта кетейік, ол кәсіпқой рингте 16 кездесу өткізіп, 16-сында да жеңіске жетті. Оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады. Соңғы рет былтыр қазан айында Австралияда жұдырықтасты. Сидней қаласында жаңазеландиялық Андрей Михайловичті нокаутпен ұтып, чемпиондық атақтарын қорғап қалды.
Анастасия Городко — Универсиада чемпионы
Анастасия Городко – универсиада чемпионы. Италияның Турин қаласында студенттер арасындағы дүниежүзілік дода басталды және ә дегеннен ұлттық құрама қоржынына алтын түсті. Фристайл-могул бәсекесінде Анастасия Городко өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, ең үздік нәтижені тіркеді. Ол финалда 79.79 ұпай жинады. Нәтижесінде Анастансия чемпион атанды. Күміс жүлде жапониялық Харука Накаоға, ал, қола жүлде германиялық Ханна Вииске бұйырды.
Айта кетейік, Анастасия Городко осыдан бірер күн бұрын Алматыда өткен әлем чемпионатында да топ жарған болатын. Ол параллельді могул бағытында алтын жүлде иемденді. Одан кейін фристайл-могулда күміске қол созды. Анастасия қысқы универисдада да ұлттық құрама қоржынына алғашқы алтынды салып тұр. Турин қаласындағы байрақты бәсеке 24 қаңтарға дейін жалғасады.
Қысқы Азия ойындарына дайындық
Бірер аптадан кейін Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындары басталады. Бұл ересек спортшылар арасындағы кешенді жарыс және алдағы Олимпиадаға негізгі дайындық саналады. Байрақты бәсекеге 138 спортымыз қатысады. Ел намысын қорғайтын спортшылар қазір қызу дайындалып жатыр. Азия ойындарының ашылу салтанаты 7 ақпанда болады және онда көк туымызды ұстап шығатын спортшылар есімі жарияланды. Бұл құрмет хоккейден ұлттық құрама мүшесі Әділ Бекетаев пен шорт-тректен ұлттық құрама өкілі Ольга Тихоноваға бұйырды. Бұған қоса, Қысқы Азия ойындарының ресми сайты бүгін билеттерді сатылымға шығарғанын хабарлады. Ең қымбат билеттің бағасы 800 юаньды, яғни, 57 600 теңге құрайды. Ал, ең арзаны 120 юань, яғни, 8 600 теңге тұрады. Дәл қазір мұз үстінде өтетін бес спорт түрі бойынша, атап айтқанда, шайбалы хоккей, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және кёрлинг билеттері жанкүйерлерге қолжетімді. Харбиндегі Азия ойындарының өзі 7 ақпанда басталып, 14 ақпанға дейін жалғасады.