Қосшы қаласы қарқынды дамып келеді

Қосшы қаласында қоғамдық мәдени-спорт орталығының алғашқы кірпіші қаланды.

Шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Енді мұндағы мыңға тарта тұрғынның салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануына мүмкіндік тумақ. 

Іссапар аясында аймақ басшысы бірқатар құрылыс нысанымен танысты. Олардың бірі – сыйымдылығы 1000 адамға арналған 2 қабатты мәдени-спорт кешені. Орталықта кинотеатр, кітапхана, шығармашылық студиялар, спорттық үйірмелер болады. Ол 2025 жылға дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Жалпы құны 9 млрд теңгені құрайды.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Қала қарқынды дамып келе жатыр. Қазіргі саны 80 мыңға жақындап қалды. Сондықтан осы Астана қаласының іргесінде тұрып кинотеатрға, спортпен шұғылдануға бармай, осы жерде қолжетімді, халыққа қажеті бар мәдени болсын спорт шараларын осы жерде өткізуге толық мүмкіндігін тигізеді.

Қосшы қаласының дамуына мемлекеттен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қаржының 9 млрд-қа жуығы игерілді. Оның көп бөлігі жолдар мен мектептер салуға жұмсалған.

Гайдар Қасенов, Қосшы қаласының әкімі:

- Биылғы жылы біз 2 мектепті қолданысқа бердік. Оның бірі жеке инвестициялар есебінен, яғни Болат Өтемұратов қорының есебінен салынған 1500 орынға арналған мектеп, онда екі ауысымда 2 мыңнан астам бала оқиды. Қалада бұрынғыдай үш ауысымдық білім беру деген жоқ. Сондай-ақ Қосшы қалаға айналғалы мұнда электр, су, жылу, кәріз желілеріне жүктемелер көп. Бірақ бізде қаланың қажеттілігін қанағаттандыру арналған инфрақұрылымдық жобалар бар.

Шаһар басшысының айтуынша, алдағы уақытта 40 мегаватты екінші қосалқы станция орналасады. Сондай-ақ жеке инвесторлардың қаражатына жаңа газ қазандығын салу бойынша да жоба әзірленіп жатыр.

Авторлары: Әлішер Әли, Асхат Қарақойшиев.