Қытай арқылы жүк транзиті 2,5 есе артады
«Dostyk Storage» серіктестігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан-Қытай шекарасында жаңа халықаралық логистикалық терминалды іске қосты.
Оның ашылуы «Достық» кеденіндегі «Алакөл» автожолының өткізу қабілетін арттырады. Терминал жүк көлігін орналастыруға және Кросс-докинг технологиясын қолдануға жол ашып, тұрақтағы жүктемені азайтады.
Құрылыстың меншік иесі және тапсырыс берушісі – «Dostyk Storage» компаниясы. Нысан құрылысы өте қысқа мерзімде аяқталды. 2,8 миллиард теңге инвестиция жұмсалған жоба жүзеге асқанда «Алакөл» кеден бекеті тәулігіне 600 жүк көлігін еркін өткізе алады. Жүк айналымының көлемі жылына 3 млн тоннаға дейін ұлғаяды.
Жандос Дүйсембиев, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы:
- Бұл терминалды ашудың маңыздылығы сонда, бұрын бұл аймақта мұндай терминал болмаған. Мұнда тауарларды шамадан тыс жүктеу, түсіру мүмкіндігі бар. Бұл біздің кәсіпкерлерге өте қолайлы жағдай туғызып отыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын және сыртқы экономикалық қызметтің оң нәтижелеріне үміттенеміз.
Соңғы 2 жылда Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтетін автокөліктің жүк айналымы күрт артты. Соған сәйкес кеден органдарының да жүктемесі ұлғайды. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін жаңа логистикалық терминалда кросс-докинг технологиясы қолданылады. Нәтижесінде тауар тұтынушыға тезірек жетіп, тасымалдау құны төмендейді.
Дәулет Мұратұлы, «Dostyk Storage» ЖШС бас директоры:
- Біздің терминал кросс-докинг технологиясын қолдану үшін арнайы салынған. Жүктерді қабылдау және жөнелту процесі сақтау аймағында орналастырусыз тікелей қойма арқылы жүргізіледі. Бұл жүктерді өз иесіне жеткізуді жеделдетеді. Қазақстанда бұрын бұл технология бойынша салынған мамандандырылған қоймалар болған жоқ. Қазір олар осы әдісті қолдануға тырысады.
Қазір Қытаймен арадағы жүк тасымалы өтетін ең негізгі 5 бірдей өткізу бекеті жаңғыртылып жатыр. Нәтижесінде кедендік рәсімдерді толық цифрландыру мен автоматтандыруға жол ашылады. Сол арқылы сыртқы экономикалық қызмет түбегейлі жеңілдеп, бизнес үшін қолайлы жағдай туғызылмақ.
Авторы: Талғат Серікқалиұлы.